БЖЗҚ салымшыларының жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс биыл жылбасынан бастап 1 сәуірдегі жағдай бойынша шамамен 569,5 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 233,1 млрд теңгеге немесе 69,3% артық.
БЖЗҚ-ның міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінен түсіп, салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген кірістілік 2024 жылдың 3 айында 3,15% көрсетті. 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен қалыптасқан БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі — 1,37%.
МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ есебінен қалыптасқан және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінің құрылымы 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша валюталар бөлінісінде 33,16% - АҚШ долларында номиналданған қаржы құралдарынан тұрса, 66,81% - ұлттық валютада берілген. ЖМЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі ұлттық валютада номиналданған қаржы құралдарын ғана қамтиды.
1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2024 жылғы 1 сәуірдегі инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен бүкіл кезеңдегі инфляция 776,5% болған кезде 845,3% көрсетті. Осылайша, ұзақ мерзімді ішінде жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті.