2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша отандастарымыздың БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарындағы зейнетақы активтері 19,2 трлн теңгеден асып, жыл басынан бері 5 ай ішінде 1,4 трлн теңгеге (немесе 7,7%) өсті. Зейнетақы жинақтарының жылдық өсімі 3,4 трлн теңгеден асты (немесе 21,5%).

Жалпы зейнетақы қоржынында міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақ 96% асады. Оның көлемі бір жылда 21% ұлғайып, 2024 жылғы 1 маусымға шамамен 18,6 трлн теңге болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары 601,7 млрд теңгеден асты (бір жылдағы өсім – 21,5%). 2023 жылғы 1 маусыммен салыстырғанда 45,6% ұлғайған ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша шоттарда шамамен 6,2 млрд теңге жинақталды.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына қосымша қаражат – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) түсуде. 2024 жылдың 5 айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы 77,5 млрд теңгеден асты.

Зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. 2024 жылғы қаңтар-мамырда салымшылардың шоттарына түскен зейнетақы жарналары 1 трлн теңгеден асты (өсім өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 29,2% немесе 244 млрд теңгеге артық).

Жарналардың барлық түрлері оң сипатты көрсетті: МЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) жыл басынан бері 01.06.2024 жылға дейін 954,7 млрд теңгеден астам (бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,8% артық), МЗЖ есепке алынатын ЖЗШ-ға шамамен 47,3 млрд теңге (өсім 20,6%), ЕЗЖ - 1,2 млрд теңге (өсім 34,1%) түсті.

БЖЗҚ салымшыларының жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері 01.06.2024 ж. шамамен 631,4 млрд теңге. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда шамамен 138 млрд теңгеге (немесе 28%) артық.