2024 жылдың II тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша, кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныстың оң динамикасы сақталды, деп хабарлайды Ұлттық банк.

Ірі бизнес субъектілерінің сұранысы индексі аздап өсті. Көптеген ірі банктердің пікірінше, бұл – несиелік ресурстар құнының одан әрі төмендеуіне байланысты. Сонымен қатар, тау-кен, мұнай-газ және құрылыс саласындағы бірқатар ірі инвестициялық жобалардың жандануы да несиеге қатысты сұраныстың артуына әсер етті. Осылайша, ірі бизнес субъектілері тарапынан түскен жалпы несиелік өтінімдер саны бір тоқсанда 12% өсіп, 190-ға жетті.

Ауылшаруашылық кешені субъектілері үшін қоса алғанда, бірқатар мемлекеттік жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары қайта жаңарып іске қосылуынан орта бизнес субъектілері тарапынан сұраныс артты. Сонымен қатар, кейбір ірі банктер несие бойынша сыйақы ставкаларының біршама төмендеуінің әсері болғанын атап өтті. Осылайша орта бизнестен түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны бір тоқсанда 25% – 7,7 мыңға дейін өсті.

Шағын бизнес тарапынан сұраныс мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидия мен кепілдеме беру арқылы қаржыландыру негізінде қолдау тауып отыр. Кейбір банктер аталған бағдарламаларға байланысты скоринг өнімдерінде уақытша қатаңдатуларға қарамастан, онлайн өнімдердің дамуы оң әсер еткенін атап өтті. Осылайша, шағын бизнестен түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны бір тоқсанда 4% артып, 821 мыңды құрады.

Шағын және орта бизнес субъектілері үшін кредиттік өтінімдерді мақұлдау коэффициенттері тиісінше 36% және 38% көрсеткіштермен алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталды. Ал ірі бизнес субъектілері бойынша бұл көрсеткіш 8 пайыздық пунктке төмендеп, 43%-ды құрады.

Орта және ірі бизнес субъектілері үшін сыйақы мөлшерлемелерінің біршама төмендетілгенін қоспағанда, II тоқсанда банктер кредиттеу шарттарына айтарлықтай өзгерістер енгізбеді.

Келесі тоқсанда банктер кәсіпкерлік субъектілерінің барлық түрінен есепті тоқсан деңгейінде сұраныс сақталады деп күтеді және кредиттеу шарттарына айтарлықтай өзгеріс енгізуді көздемейді.