Қазақстанда сиыр етінің бағасы экспорттың күрт өсуіне байланысты төрттен бір бөлікке қымбаттады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында елден шығарылған ет көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 2,3 есе өсіп, 27,5 мың тоннаға жетті.
Тамыз айында Қазақстан ірі қара мал етінің 5,5 мың тоннасын экспорттады. Дегенмен, бұл көрсеткіш шілдемен салыстырғанда 1,8% азайған.
Экспорттың осындай қарқынды өсуі аясында ел ішіндегі сиыр еті сатылымы, керісінше, жылдық есеппен 7% төмендеп, 217,2 мың тоннаны құрады. Өндіріс көлемі жылдық мәнде 1% азайғанымен, айлық көрсеткіш (шілдемен салыстырғанда) 21,8% өскен.
Бұдан бөлек, Қазақстанға әкелінетін импорттық сиыр еті көлемі де артты. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында ел шетелден 10,6 мың тонна сиыр етін сатып алған — бұл өткен жылмен салыстырғанда 14% көп.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, сиыр етінің (жауырын-төс бөлігі) бағасы жыл басынан бері 25%-дан астам өсті.
Қазақстанда сиыр етінің қымбаттауын тоқтату үшін енгізілген шектеулер айтарлықтай нәтиже бермейді. Сарапшылар экспортқа тыйым сала отырып, мемлекет ет бағасын төмендетудің орнына бүкіл саланың дамуына кері әсер етуі мүмкін дейді.
Қазақстанда ет қымбаттауының басты себебі – жем-шөп бағасының күрт өсуі. Ауыл шаруашылығы сарапшысы Төлеутай Рақымбековтің есебі бойынша, 1 келі сиыр етінің нақты өзіндік құны шамамен 4 мың теңге.