Үкіметте Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңесте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов кәсіпкерлік саласын дамытудың негізгі бағыттары туралы баяндады.
Әлихан Смайылов қазіргі уақытта республикада бизнеске қатысты кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясат енгізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтсақ, қаңтар айынан бастап Міндетті талаптар реестрі ашық түрде жарияланды.
«Енді Реестрде жоқ талаптар бойынша тексерулер жүргізілмейді. Биыл заңнамадан бизнес үшін 10 мың керексіз талаптар алынып тасталады. Бұл тексерулердің санын едәуір қысқартады. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру толығымен аяқталады», — деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, биыл шағын және орта бизнесті жүйелі түрде қолдау шаралары кеңейтілді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қолдау көрсетілетін қызмет түрлерінің тізбесі (жеңілдетілген несиелер және қаржылық лизинг) 116-ға ұлғайды. Бірқатар басым қызметтер бойынша проценттік мөлшерлемені субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды.
Бизнестің жол картасын қаржыландыру көлемі 224 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Шағын және орта бизнесті қолдау шеңберінде биыл 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау, 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру көзделіп отыр. Орта бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданады.
Сонымен қатар Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде 368 нысан бәсекелес ортаға берілді, 62-сі таратылу немесе қайта құру сатысында екені атап өтілді. Биыл тағы 106 нысан сатуға қойылады және «KEGOC» компаниясы SPO-ға шығарылады (акцияларды қайталама орналастыру).
Қорытындылай келе, Үкімет басшысы кәсіпкерлік саласында цифрландыруды енгізу қарқынды жалғасатынын айтты. Сонымен қатар жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің жобаларын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.