Осы жылы еліміздегі автомобиль жолдарының құрылыс және жаңғырту жұмыстарымен қамтылуы 10,5 мың шақырымға дейін жетеді. Бұл туралы ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов айтты.

Оның айтуынша, биыл республикалық жолдардың желісі бойынша 7,3 мың шақырымға, сондай-ақ жергілікті желіде 3,2 мың шақырым жолды салып, жаңғырту жоспарланып отыр.

Айта кету керек, қазір еліміздің шығыс өңірінде «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау-Майқапшағай», «Үшарал – Достық» сынды ірі автожол жобалары жүзеге асырылып келеді. Биыл 180 шақырымға жететін «Үшарал – Достық» учаскесінде тиісті жұмыстарды толық аяқтау көзделген. Қалған учаскелер бойынша жаңа жабын арқылы жол қозғалысын ашу 2024 жылға межеленіп отыр.

Вице-министр «Қызылорда – Жезқазған» учаскесіндегі құрылыс туралы айта келе, биыл Ұлытау облысындағы жол учаскесінде тиісті жұмыстар басталатынын атап өтті. Сондай-ақ «Жезқазған – Қарағанды» жобасы бойынша да құрылыс жұмыстары басталатыны белгілі болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтырғы желтоқсан айында министрлік Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіткенін айта кеткен жөн. Бұл саланы одан әрі дамытып, алдағы іс-қимылды айқындайтын негізгі құжат саналады. Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін былтыр теміржол саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырыла бастағанын айта кетейік. Атап айтқанда, 2022 жылдың қараша айында теміржол көлігі саласындағы ірі жобалардың бірі – «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші торабының құрылысы басталған болатын.

Еліміздің батыс өңірінде «Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат» жол учаскесін жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мәселен, «Қандыағаш – Мақат» учаскесінде негізгі жұмыстар аяқталып, биыл аталған бағытта жол қозғалысы ашылады деп жоспарланған. Сонымен қоса ұзындығы 96 шақырым болатын «Ақтөбе – Қандыағаш» учаскесі бойынша да жыл соңына дейін жол жүрісі ашылмақ. «Атырау – Астрахан»  учаскесіне келсек, оның 277 шақырымының 140 шақырында көлік қозғалысы қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 248 шақырымдай жолға күрделі жөндеу жүргізіліп, оның 129 шақырымында жол жүрісі қамтамасыз етілді.

«Қазір тиісті жұмыстарды уақтылы аяқтау үшін қажетті материалдар дайындалып жатыр. Ақпан айынан бастап инертті материалдарды тасымалдауға арналған вагондар паркін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», деді вице-министр.

Бұдан бөлек ИИДМ басшысының орынбасары былтыр автожол жобаларының сапасын арттыру мақсатында заңнамалық деңгейде бірқатар түзету қабылданғанын атап өтті. Мысалы, кепілдік мерзімі кезеңінде авторлық қадағалау мен техникалық бақылаудың жауапкершілігі ортақ болады. Өз кезегінде Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы елді мекендердегі көшелерде жүргізілген орташа жөндеуге ведомстволық сараптаманы жасайтын болады.