Қазақстанда халықты газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін бірқатар ірі стратегиялық инфрақұрылым жобалары жүзеге асырылуда.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел халқының 60% немесе шамамен 12 млн. адам газға қол жеткізді.
«Ары қарай газдандыру мақсатында биыл республикалық бюджеттен 89,3 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Іс-шаралар жоспары аясында Үкімет қосымша 105,4 млрд теңге бөлді, бұл 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етіп, 1700 шақырымнан астам газ желілерін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Ел тұтынушыларын газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ірі стратегиялық инфрақұрылым жобаларын іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде “Бейнеу – Бозой – Шымкент” магистралды газ құбырының екінші желісін “Ақтөбе – Қостанай” магистралды газ құбырын “Талдықорған – Үшарал” магистралды газ құбырын салу», — деп хабарлады А. Сәтқалиев.
Министр еліміздің транзиттік әлеуетін толық пайдалану бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
- Өткен жылдың қазан айында Ресей газын Өзбекстан Республикасына транзиттеу іске қосылды. Былтыр 1,28 млрд м3 тасымалданды. Биыл көлемді 3,8 млрд м3 дейін ұлғайту жоспарлануда.
- Тұрақты өсім түрікмен және өзбек газдарының ҚХР-ға транзитінен көрінеді.
Сонымен қатар Ресей газының Қырғызстанға транзитін ұлғайту мәселесі талықлау сатысында тұр.
Шекаралас аймақтарда сұйытылған газға сұраныс артып келеді.
Тоқсан сайын өңірлер бойынша шамамен 360 мың тонна сұйытылған газ таратылатыны атап өтілді. Дегенмен, өндіру және тарату көлемі бастапқыдағы өңірлер қажеттілігінен 130 мың тоннаға немесе 26% аз.
Сондай-ақ, өткен жылы елімізде газбен жүретін көліктер саны 18 пайызға өсіп, 582 мың дананы құраған.
«Сұйытылған газға төмен бағаның белгіленуіне байланысты елдегі автокөлік жүргізушілері жанармайдың осы түріне көшуде, бұл өз кезегінде тұтынудың артуына әкеліп соғады. Тұтынуды талдау аймақтар бойынша, әсіресе шекаралас аймақтарда сұйытылған газға сұраныстың артқанын көрсетеді. Сондай-ақ сұйытылған газ көлемінің бір бөлігі мұнай-химия өнеркәсібін дамыту үшін мұнай-химия өнімдерін өндіретін өнеркәсіптік кәсіпорындарға жіберілетінін атап өткен жөн. Сонымен қатар, өндіріс орындарында жыл сайын жоспарлы және міндетті жөндеу жұмыстары жүргізіледі», — деді министр.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов Премьер-Министр Олжас Бектеновке газдандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын ұлттық компания өз қаражатына жүйелі инфрақұрылым жобаларын құра отырып орындағаны атап өтілді. Олардың жалпы сомасы 400 млрд теңгеден асады.
Сонымен қатар республика бойынша әкімдіктер салған газ нысандарын қабылдау бойынша көптеген мәселелер шешілді.
«Бір жарым жыл ішінде еліміздің 14 өңірінде газбен жабдықтау жүйесіне 127 елді мекен қосылды, бұл 237 мың адамның газға қол жеткізуін арттырды. Осы жылдың екінші жартысында тағы 68 елді мекенді немесе 276 мың адамды газдандыру жоспарлануда», — деді С. Жаркешов.
Өткен көктемде бұрын-соңды болмаған су тасқыны кезінде ұлттық компания Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы газ тасымалдау жүйесі объектілерінің жұмысын үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз еткені баяндалды.
Сонымен қатар компания су тасқыны салдарын жоюға 2,1 млрд теңге өз қаражатын жұмсады, 168 бірлік арнайы техника мен 917 қызметкері жұмылдырылды.