Қазақстан Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінен 550 млн долларға несие алады. Мәжіліс депутаттары тиісті келісімді жұмысқа қабылдады.

«Халықаралық қайта құру және даму банкінің несиесі Қазақстан Республикасына 84,9 млрд йен (шамамен 550 млн АҚШ доллары) сомасында 11 жыл өтеу мерзімімен берілген. Несие қаражаты жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет тапшылығының бекітілген көлемі шегінде ел экономикасының тұрақтылығын сақтау үшін тартылады», — деді депутат Татьяна Савельева Мәжіліс отырысында.

Қараша айының ортасында Мәжіліс екі даму институтынан несие алу туралы осындай келісімдерді қабылдады. Азиялық инфрақұрылымдық инвестиция банкі Қазақстанға өтеу мерзімі 15 жыл болатын 52,7 млрд йен (шамамен 341 млн доллар), ал Азия даму банкі — 52,3 млрд йен (338 млн доллар) көлемінде несие береді.

Бұған дейін Қаржы министрлігі салық тапшылығына байланысты биылғы жылы бюджет тапшылығын 3,59 трлн теңгеге (ЖІӨ-нің 2,7%) дейін ұлғайту туралы шешім қабылдаған болатын. Ведомство бюджеттегі қаражаттың жетіспеушілігі мемлекеттік облигацияларды шығару және Ұлттық қордан (5,6 трлн теңге) аударылатын трансферттер есебінен өтелетінін түсіндірді.

2025 жылы бюджет тапшылығы да ЖІӨ-нің 2,7% деңгейінде болжануда.