Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Үкімет отырысында 2024 жылдың 11 айындағы қаржы жылының қорытындысын ұсынды.
Мемлекеттік бюджеттің кірісі 19 трлн теңгені құрады, бұл жоспардың 90%-ын құрайды. Республикалық қазынаға 11,8 трлн теңге немесе жоспарланған қаржының 82%-ы түсті.
Вице-министрдің айтуынша, орындалмаудың негізгі себебі жоспардың 76%-ын құрайтын салық түсімдерінің төмендеуіне байланысты.
«Жоспарды орындамаудың негізгі себептері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 ай ішінде үшінші елдерден импорт көлемінің 6,4%-ға немесе $2,3 млрд-қа азаюына; негізгі экспорттық металдар бағасының төмендеуіне байланысты, бұл өз кезегінде 602 ірі салық төлеушілер бойынша аванстық төлемдер сомасының 267 млрд теңгеге төмендеуіне әсер етті. ҚҚС қайтарудың ұлғаюы 981 млрд теңгені құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Соған қарамастан салықтар бойынша орындамау салықтық емес төлемдердің 1 трлн теңгеге ұлғаюы есібенен өтеледі», — деп атап өтті Ержан Біржанов.
Жергілікті бюджеттерге келетін болсақ, олардың өз кірістері 108%-ға орындалды және 7,2 трлн теңгені құрады. Жоспар 525 млрд теңгеге асыра орындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кірістер 26,5%-ға немесе 1,5 трлн теңгеге өсті.
Бюджет шығыстары бойынша: мемлекеттік бюджет жоспарланғаннан 94%-ға, республикалық – 96%-ға, жергілікті – 92%-ға орындалды. Әлеуметтік бағыт басым болып қалады.
Мемлекет негізгі әлеуметтік міндеттемелерді орындады:
- зейнетақы мен жәрдемақы – 5,2 трлн теңге;
- өңірлерге субвенциялар – 4,8 трлн теңге;
- ММСҚ-ның нысаналы жарнасы – 1,6 трлн теңге.
Жергілікті бюджеттердің шығыны 13 трлн теңгені құрады:
- әлеуметтік салаға – 6,6 трлн теңге (51%);
- ТКШ-ға – 1,9 трлн теңге (14,6%);
- көлік және коммуникация – 1,2 трлн теңге (9,3%);
- ауыл шаруашылығы – 750 млрд теңге (5,7%).
Бюджетті орындаудың маңызды компоненттерінің бірі – мемлекеттік сатып алу үдерісі. Олардың көлемі 2024 жылы 8,8 трлн теңгені құрады, бұл ретте бюджет қаражатын оңтайландыру есебінен 840 млрд теңге үнемделді.