Тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ АҚ шамамен 3,6 трлн теңгеге 1 млн салымшыдан түскен 1,8 млн-ға жуық өтінішті орындады.

Тұрғын үйге

2021 жылғы қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша БЖЗҚ тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін салымшылардың (алушылардың) біржолғы зейнетақы төлемдеріне 1 371 907 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған отандастарымыздың арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,2 трлн теңгеден астам қаражат аударды. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы шамамен 2,35 млн теңге болды.

Бұл бағытта Алматы (17,79%), Астана (12,54%), Маңғыстау облысы (9,47%) мен Қарағанды облысының (7,86%) тұрғындары белсенділік көрсетті. 

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын пайдалану мақсаттарын талдай отырып, мынадай қорытынды жасалды. Барлық өтініштердің шамамен 35,63% – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) және жеке тұрғын үй салу (меншігінде жер телімі болған кезде), өтініштердің шамамен 21,08% – тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру, 15,74% – ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара өтеу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде), 15,04% – тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара өтеу мақсаттарына жұмсалыпты.

Атап кетейік, уәкілетті операторлардан 475,2 млрд теңге салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) қайтарылды, себебі отандастарымыз біржолғы зейнетақы төлемдерін өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланбаған.

Емделуге

БЖЗҚ емделуге ақы төлеу үшін жалпы сомасы 344,4 млрд теңге болатын 423 294 өтінішті орындады. Алынған соманың орташа мөлшері 0,8 млн теңге.

Өтініштердің 96,25% стоматологиялық қызмет алу үшін, 2,67% офтальмологиялық қызметтерді алу бойынша орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының шамамен 1% пайдаланылды.

Салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на 33,7 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.

Жеке инвестициялық басқаруға

Инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 18.02.2021 ж. бастап 8,9 млрд теңге аударылды. БЖЗҚ 5 9991 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы шамамен 1,5 млн теңге. 

Атап кетейік, 8,9 млрд теңгенің 44,22% немесе 3,95 млрд теңгесі "Jusan Invest" АҚ-ға, 28% немесе 2,5 млрд теңгесі "Halyk Global Markets" АҚ-ға, 16,16% немесе 1,44 млрд теңгесі "BCC Invest" АҚ-ға, 10,02% немесе 895 млн теңгесі "Сентрас Секьюритиз"АҚ-ға, 1,6% немесе 143 млн теңгесі "Halyk Finance" АҚ-ға аударылған.