2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның 12-сі шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8-і еншілес банк.

2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторының активтері ағымдағы жылғы наурызда 2,2%-ға немесе 967 млрд теңгеге ұлғайып, 45,0 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері 1,0%-ға немесе 0,5 трлн теңгеге өсу). 2023 жылғы наурызда активтер өтімді активтердің 2,7%-ға немесе 512 млрд теңгеге ұлғаюы нәтижесінде өсті.

Өтімділігі жоғары активтер 13,6 трлн теңгені немесе активтердің 30,1%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

2023 жылғы наурызда екінші деңгейдегі банктерден экономикаға берілген кредиттер 1,1%-ға 23,2 трлн теңгеге дейін өсті (жыл басынан бері 1,5%-ға өсу). Жоспарлы өтеу нәтижесінде ұлттық валютадағы кредиттер 1,4%-ға 21,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер 2,5%-ға 1,7 трлн теңгеге дейін азайды.

Заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2023 жылғы наурызда корпоративтік теңгемен берілген кредиттердің өсуі есебінен 0,3%-ға 8,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы наурызда 0,8%-ға 9,6 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 0,5%-ға төмендеу). ШОБ субъектілеріне қарыздар 1,6%-ға 6,0 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 0,1%-ға өсу), ірі бизнеске берілген қарыздар 0,6%-ға 3,6 трлн теңгеге дейін төмендеді (2023 жылдың басынан бері 1,3%-ға төмендеу).

2023 жылғы наурызда бизнес субъектілеріне 1,1 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берілген, бұл 2023 жылғы ақпанмен (930 млрд теңге) салыстырғанда 22,9%-ға артық.

Жеке тұлғаларға берілген кредиттер 14,6 трлн теңгені құрап, 2023 жылғы наурызда 1,6%-ға өсті (2023 жылдың басынан бері 3,3%-ға өсті). Жеке тұлғаларға берілген кредиттер тұтынушылық  қарыздардың 2,0%-ға 7,9 трлн теңгеге дейін өсуіне байланысты ұлғайды. Бұл ретте есепті айда қолданыстағы қарыздарды ірі өтеу нәтижесінде ипотекалық қарыздар 0,3%-ға (141 млрд теңге) 4,8 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Несие портфелінің сапасы тұрақты болып қалды. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар (NPL90+) деңгейі жалпы несие портфелінің 3,4%-ын немесе 847 млрд теңгені құрады (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 3,4% немесе 815 млрд теңге).

ШОБ есептегендегі заңды тұлғалар портфелінде NPL90+ деңгейі 3,0%-ды немесе 320 млрд теңгені, жеке тұлғалар портфелінде 3,9%-ды немесе 527 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 80,6%-ды құрайды.

Ағымдағы жылғы наурызда банктердің меншікті капиталы 1,2%-ға 5,7 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 8,7%-ға өсті). 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,5%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 22,6%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2023 жылғы наурызда банк секторының міндеттемелері 2,3%-ға 39,3 трлн теңгеге дейін өсті. Ағымдағы жылдың басынан бері банктердің міндеттемелері 0,03%-ға аздап өсті.

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2023 жылғы наурызда 3,0%-ға 30,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Заңды тұлғалардың депозиттері 4,3%-ға 15,0 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғалардың депозиттері 1,8%-ға 15,7 трлн теңгеге дейін өсті.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылғы наурызда 3,7%-ға 21,6 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы депозиттер 1,3%-ға 9,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде долларлану деңгейі төмендеді және 2023 жылдың басындағы 31,6%-бен салыстырғанда 2023 жылғы 1 сәуірде 29,8%-ды құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі

2023 жылғы наурызда 14,5%-ды (2023 жылғы ақпанда – 14,5%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,5%-ды (2023 жылғы ақпанда – 13,5%) құрады.