Банк секторының активтері биыл тамызда негізінен несие портфелінің 2,8%, 46,3 трлн теңгеге дейін ұлғаюы есебінен 0,1% ұлғайып (2026 жылдың басынан бері 6,9% өсті), 75,7 трлн теңгені құрады.
Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 23,2 трлн теңгені немесе активтердің 30,6%-ын құрады, бұл банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Банк секторының міндеттемелері 2026 жылғы тамызда жеке тұлғалар салымдарының 0,4% ұлғаюы есебінен 0,2%, 64,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2026 жылдың басынан бері 7,0% өсті). Банк секторы міндеттемелерінің құрылымындағы негізгі үлесті - 79,2%-ды немесе 51,0 трлн теңгені құрайтын клиенттердің салымдары алады.
2026 жылғы тамызда банктердің меншікті капиталы резервтік капитал мен қайта бағалау резервтерінің азаюы есебінен 0,7%, 11,3 трлн теңгеге дейін азайды (2026 жылдың басынан бері 6,8% өсті). 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,5%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 20,2%-ды құрады, бұл белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді жабуды қамтамасыз етеді.
2026 жылдың басынан бері банктердің таза пайдасы 1 610 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 13,6% аз. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2026 жылғы 1 қыркүйекте 3,5%-ды (2026 жылғы 1 тамызда – 3,5%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 22,9%-ды (2026 жылғы 1 тамызда – 23,2%) құрады.