Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдігі жеке тұлғалардың депозиттік шоттарының 100%-на таралады және халықаралық нормаларда белгіленгендей салымшылардың жалпы санының 90-95% шегінде толық қамту көрсеткішіне толық сәйкес келеді. Қазақстандық салымшылардың барлық шоттарының 99,8%-ы толық сомаға қорғалған.
Кепілдіктің максималды мөлшері келесідей:
- теңгелік жинақ депозиттер бойынша – 20 млн теңге;
- теңгедегі өзге депозиттер: салымдар, төлем карточкалары, банк шоттары бойынша – 10 млн теңге;
- шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 млн теңге.
Кепілдіктің белгіленген сомалары халықтың депозиттерін кепілдікпен өтеу толықтығы тұрғысынан жеткілікті.
- Кепілдікпен толық қамтылған 20 млн теңгеге дейінгі қалдықтары бар жинақ депозиттері бар шоттар саны 93%-ын құрайды.
- Кепілдікпен толық қамтылған 10 млн теңгеге дейінгі қалдықтары бар депозиттік шоттар саны 99,8%-ын құрайды.
- 5 млн теңгедегі валюталық депозиттер бойынша кепілдік деңгейі (баламасы шамамен 10 мың АҚШ доллар) салымшылардың көптеген шоттарын өтеу үшін жеткілікті, өйткені мұндай шоттардың 99,7%-ы кепілдікпен толығымен өтеледі.
Жалпы, ҚДКБҚ кепілдігі салымшылардың барлық шоттарының 99,8%-ын толық көлемде өтейді.
Қазақстандағы кепілдік деңгейі ішкі экономикалық факторлар және мемлекеттік саясаттың мақсаттарынан тәуелді. Ішкі экономикалық факторларға мыналар жатады: жан басына шаққандағы ЖІӨ, ҚДКБҚ арнайы резервінің жеткіліктілігі, мемлекеттік саясаттың мақсаттары, инфляция деңгейі, депозиттік базаның өсуі.