2026 жылғы 1 қыркүйекте Алматыда «Өркендеу Инвест» АҚ тіркелді. Компания бағалы қағаздармен және тауарлармен мәмілелер жасау бойынша брокерлік қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.
Тіркеу деректеріне сәйкес, жаңа компанияның тоғыз құрылтайшысы бар. Олардың қатарында Bank RBK басшылығы, «Қазақмыс» сақтандыру компаниясы мен KM Life өмірді сақтандыру компаниясының акционерлері бар.
Компания акционерлерінің қатарында кімдер бар?
Жаңа брокерлік компанияның акционерлері:
Bank RBK басқарма төрайымы Наталья Акентьева;
оның орынбасарлары Ербол Әбдіғалиев пен Арман Токаров;
«Қазақмыс» сақтандыру компаниясы мен KM Life директорлар кеңесінің төрайымы Әмина Қасымова;
аталған екі сақтандыру компаниясының тағы бес акционері.
Әмина Қасымова «Қазақмыс» сақтандыру компаниясының 52,9%-ына және KM Life акцияларының 50,5%-на иелік етеді.
Екі сақтандыру компаниясының акционерлері арасында жаңа брокерлік компанияның құрылтайшылары қатарына кірмеген жалғыз заңды тұлға — Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі Qaz Copper Group ЖШС. Оның екі компаниядағы үлесі де 9,99%-ды құрайды.
Владимир Кимнің Bank RBK-дегі үлесі азайған
Владимир Ким Bank RBK акцияларының 84,8%-ына иелік етеді. Ал Наталья Акентьева банктің миноритарлық акционерлерінің бірі.
2026 жылдың бірінші тоқсанында Владимир Кимнің банктегі үлесі 89,8%-дан 84,8%-ға дейін төмендеді. Жаңа миноритарлық акционерлердің есімдері жарияланған жоқ. Алайда олардың жалпы саны бесеуге дейін өскені белгілі.
Брокерлік компанияны кім басқарады?
«Өркендеу Инвест» басшысы болып Эльвира Сәрсенбаева тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстан қор биржасында (KASE) жұмыс істеген. 2026 жылдың сәуірінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оның бағалы қағаздар нарығындағы басшылық лауазымға кандидатурасын келіскен.
Жаңа компания не үшін құрылуы мүмкін?
Сақтандыру компаниялары Қазақстанның бағалы қағаздар нарығындағы негізгі институционалдық инвесторлардың қатарына кіреді. Сондықтан өз брокерлік компаниясын құру оларға бағалы қағаздармен жасалатын операцияларды жеке инфрақұрылымы арқылы жүргізуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Бұл сыртқы делдалдарға тәуелділікті азайтып, брокерлік қызмет көрсету шығындарын қысқартуға көмектесуі ықтимал.
Сонымен қатар жаңа компания капиталына Bank RBK басшылығының қатысуы назар аудартады. Бұған дейін банк Қазақстанның брокерлік нарығында жеке компания арқылы ұсынылмаған.