Freedom Amazon мен Alibaba секілді маркетплейсін жасайды

Freedom Holding компаниясы тауарлар мен қызметтерді сатуға арналған жеке маркетплейс құруды жоспарлап отыр. Жоба аясында компания өзінің логистикалық және цифрлық инфрақұрылымын дамытуды көздейді. Бұл туралы холдинг басшысы Тимур Турлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, компания жобаға ұзақ мерзімді инвестиция салуға дайын. Тіпті салынған қаражат бес жыл ішінде өтелмеуі де мүмкін. Турлов Amazon мен Alibaba компанияларын осындай бизнестің үлгісі ретінде атады.

Жаңа маркетплейс Freedom экожүйесінің бір бөлігіне айналмақ. Платформа қазақстандықтарға тауарлар мен қызметтерді сатып алуға ғана емес, сонымен қатар цифрлық орта арқылы табыс табуға мүмкіндік беруі тиіс.

Тимур Турловтың пікірінше, суперқосымшалар адамдарға жаңа табыс көздерін қалыптастыруға көмектесуі керек. Әсіресе студенттер мен жас мамандарға қосымша ақша табуға мүмкіндік беру маңызды.

Айта кетейік, қыркүйек айында Freedom SuperApp пайдаланушыларының саны 6 млн адамға жетті. Қосымшада 20-дан астам сервис пен 45 қызмет біріктірілген.