Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Сеул қаласына (Оңтүстік Корея) барды.
Роман Скляр мен Kia Corporation президенті және CEO-сы Хо Сун Сон арасында Қазақстан Республикасының автомобиль жасау өндірісін бірлесіп дамыту, локализациялауды тереңдету және инженер кадрларды оқыту туралы келісімге қол қойылды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы $6 млрд-тан асты, ал Кореядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) көлемі 2022 жылы шамамен $1,5 млрд болды, бұл Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық қатынастардың тарихында рекордтық көрсеткіш болып отыр.
«Экономикалық өзара іс-қимылдың басым бағыттары – энергетика, ТМК, машина жасау, электр техникасы, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, көлік инфрақұрылымы, білім беру және туризм. Бізді Оңтүстік Кореяның электронды өнеркәсіп, машина жасау, жаңартылатын энергия көздері және “жасыл” экономика салаларын дамытудағы озық тәжірибесі қызықтырады. Оңтүстік Кореяның бірқатар компаниясы қазірдің өзінде біздің елімізде энергетика, инфрақұрылым және басқа да салалар бойынша жобаларды іске асыруға белсенді түрде қатысуда», — деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Жұмыс сапары аясында ынтымақтастық туралы бірқатар бірлескен құжатқа қол қойылды, оның ішінде «Vehicles Almaty» ЖШС-мен «Youngsan Corporation» компаниясының өнімдерін локализациялау, оңтүстік кореялық «Motrex» және қазақстандық «Сar Wagon Wheels» компанияларымен бірлесіп мультимедиалық құрылғылар шығару жөніндегі келісімге қол қойылды.