Қазақстан үкіметі ауыл тұрғындарының баспана мәселесін шешудің жолдарын қарастырды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты.
«Ауылдағы тұрғын үй мәселесін шешу үшін өз қызметкерлеріне жалдамалы үй салып берген жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тетігі іске қосылады. Осы тетік арқылы ауыл еңбеккерлері үшін 2855 тұрғын үй салу жоспарлануда», - деді Қарабаев үкімет отырысында.
Жобаға 14,3 млрд теңге жұмсалады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, ауылдардағы жеке тұрғын үй құрылысының деңгейін арттыру мақсатында жыл сайын 22 мың гектар жерге инженерлік коммуникациялар жүргізуді жоспарлап отыр.
«Ауылдық және шекаралас аймақтардан халықтың кетуін азайту үшін бірінші кезекте жаңа өндірістерді іске қосу арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашу көзделуде. Жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру Сала қорында қарастырылған қаражат есебінен жүзеге асырылады», - деп қосты Қарабаев.