«АрселорМиттал Теміртау» АҚ мемлекет меншігіне қайтару келіссөздері аяқталды. АМТ екі кәсіпорнының құны 286 млн долларға бағаланған. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жаңа инвестордың кім екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
Жаңа инвестор – қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев. Ол 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. «Allur Group» компаниялар тобының Директорлар кеңесінің төрағасы, оның құрамында «Агромашхолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» ЖШС бар. Компаниялар тобы Chevrolet, KIA, JAC және LADA автобрендтерінің Қазақстан аумағындағы ресми өндірушісі және дистрибьюторы.
«Компанияның ребрендингін жаңа инвестор нақты бекітеді. Біздің пікірімізше, бұрынғы тарихи „Қармет“ атауын қайтару қажет. Мұны қызметкерлер мен тұрғындар да қолдайды деп ойлаймын», — деді Қанат Шарлапаев Үкіметте өткен брифингте.
Қазақстан Үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына нақты талаптар қойды. Келіссөздер нәтижесінде 2022 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасында қазақстандық тарапқа кәсіпорынды бағалау және аудит жүргізуге мүмкіндік беретін «Standstill Agreement» келісіміне қол қойылды.
«Келіссөздер барысында ArcelorMittal 3,5 млрд доллар сұрады, бұл халықаралық консультанттардың есебіне сәйкес келмеді. Бұл келіссөздер процесінің ұзаққа созылуының басты себептерінің бірі болды. Кәсіпорынның тоқтап қалмауы үшін келіссөздерді жедел әрі жылдам жүргізу қажеттілігі туындады», — деді Қанат Шарлапаев.
Оның айтуынша, келіссөздер процесі 11 раундтан тұрды, нәтижесінде екі тарап та ортақ ұстанымға қол жеткізді.
«Қазақстан Үкіметі мен «АрселорМиттал» арасындағы келісімді мега-мәміле деп атауға болады, оның еліміз үшін маңызы ерекше. «АрселорМиттал Теміртау» және Ақтау құбыр зауытының құнын 3,5 млрд доллардан 286 млн долларға дейін төмендеттік. Мәмілені жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен бір де бір теңге жұмсалған жоқ. Жаңа инвестор ArcelorMittal бас компаниясының қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттемелері бойынша жауапкершілікті мойнына алды. $286 млн – толық жұмыс істеп тұрған екі кәсіпорынның құны», - деп түсіндірді министр.
«Келіссөздер аясында ArcelorMittal Қазақстан Республикасына ешқандай талап қоймайтынын ерекше айтқым келеді. ArcelorMittal Қазақстан Республикасына қатысты талаптардан, сот талабынан, басқа да қараушылықтардан толық бас тартатыны туралы келісімге қол қойды. Келісім халықаралық құқық нормаларын толық сақтай отырып, құқықтық негізде жасалды», — деді Қанат Шарлапаев Үкімет үйінде өткен брифингте.