Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өтіп жатқан Климат жөніндегі дүниежүзілік саммит (СОР28) аясында Қазақстанның және басқа да елдердің мемлекеттік органдары мен бизнес-құрылымдары арасындағы бірқатар келісімге қол қою рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысының қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы жел электр станциясын (1 ГВт) салу жобасын жүзеге асыру туралы Үкіметаралық келісім;
2. ҚР Үкіметі, «Ақтас Энерджи» ЖШС мен TotalEnergies компаниясы арасындағы «Жамбыл облысы Мирный кенті аумағында қуаты 300 мегаватт/600 мегаватт-сағат болатын энергия жинақтаушы аккумуляторлық жүйені пайдалана отырып, жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын электр станциясын әзірлеу, салу және пайдалануға беру» жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялар туралы келісім;
3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ мен Біріккен Араб Әмірліктері Инвестициялар министрлігі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында жалпы қуаты 10 ГВт болатын төмен көміртекті энергетиканы дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
4. Qazaqstan Investment Corporation компаниясы мен ADQ арасындағы стратегиялық серіктестік бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.
5. «Самұрық-Қазына» АҚ мен ACWA Power компаниясы арасындағы энергия жинақтау жүйесі арқылы жиынтық қуаты 1 ГВт болатын жел электр станцияларын салу жөніндегі жобаны бірлесіп әзірлеу туралы келісім;
6. «Самұрық-Қазына» АҚ мен PresightAI компаниясы арасындағы цифрландыру және ақпараттық технология саласындағы жобаларды іске асыру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім;
7. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен AD Ports Group арасында Қазақстанда кеме жөндеу және кеме жасау кәсіпорнын құру қағидаттары туралы келісім;
8. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Abu Dhabi Ports Group компаниясы арасындағы бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім;
9. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «SAFC» ЖШС мен SEFE Marketing & Trading компаниясы арасындағы орман-климаттық жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
10. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Emirates Nuclear Energy Corporation компаниясы арасындағы табиғи уран концентраттарын тасымалдау туралы келісім.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ACWA Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайянды қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясы аясында ACWA Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайянмен кездесті.
Кездесу барысында компанияның Қазақстанмен өзара ықпалдастығын одан әрі нығайтудың негізгі аспектілері және бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Жетісу облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу перспективалары қарастырылды. Бұл нысанға 1,8 миллиард доллар көлемінде инвестиция құю көзделіп отыр.
Мұхаммед Абунайян компанияның Қазақстандағы үлесін кеңейтуге және жасыл энергетика секторында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл бастама Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін дамытудың өңірлік орталығы болу ниетіне сай келеді.
Мемлекет басшысы компанияның қызметі мен ауқымды жобаларын, атап айтқанда, құны 4,6 миллиард доллар болатын Дубайдағы «Noor Energy 1» күн электр станциясының құрылысын жоғары бағалады. Бұл әлемдегі ең ірі нысан саналады.