Бүгінде Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі венчурлық инвестициялау саласында көш бастап тұр. IT сала мен финтех белсенді түрде қарқын алуда. Белгілі венчурлық компаниялардың бірі MOST Holding стартаптарға инвестиция салу туралы шешімді қалай қабылдайды, стартаптың табысқа жету мүмкіндігін не нәрсе төмендетеді және алдағы жылдары IT-де қандай салалар танымал болады – осы жөнінде аталған компаниясының басқарушы серіктесі Павел Коктышев баяндап берді.
Павел Коктышевтің айтуынша, инвестициялар туралы шешім қабылдау үшін стартаптың әлеуетін бағалау кезінде команда құрамына маңызды рөл беріледі: «Егер командада осы стартапты таңдаған аса дарынды адамдар болса, егер олар өз уақытын, ресурстарын, сараптамаларын салуға дайын болса, онда бұл біз үшін маңызды көрсеткіш. Себебі стартаптың бастауында тұрған ең бірінші команда – бұл алғашқы инвесторлар, міне, оларға назар аудару керек».
Павел Коктышев екінші маңызды өлшемшарт ретінде стартаптың өсу динамикасын атады: «Стартап әлі көп сатылымды көрсете алмауы мүмкін, бірақ егер бірнеше апта, ай ішінде өнімге немесе қызметке сұраныс анық өсе бастайтын болса, онда бұл біз бағалайтын маңызды көрсеткіш».
Сондай-ақ, венчурлық бизнесте стартап аналогия тұрғысынан бағаланады: «Егер біз осы тауашадағы ұқсас бизнес, мысалы, Америкадағы инвесторлар тарапынан белгілі бір сомаға бағалағанын және сұранысқа ие екенін көрсек, онда біздің экономикамызға белгілі бір түзетумен біз де өз бағамызды береміз және инвестициялау туралы шешім қабылдаймыз». MOST Ventures компания дамуының бастапқы кезеңіндегі алғашқы инвесторлар немесе бірлескен инвесторлар ретінде әрекет ететінін айта кету керек.
Бүгінгі таңда стартапты дамыту мен инвестиция алудың маңызды өлшемшарттарының бірі – белгілі бір тақырыптық бағыттарды дамытуды көздейтін акселерациялық бағдарламалар. MOST Ventures-те бұл – Investment Readiness Accelerator флагмандық акселерациялық бағдарламасы. Оның атауында инвестицияға дайын болу керек деген негізгі ой жатыр: «Инвестиция – бұл компанияға бастапқы кезеңде қажет жалғыз нәрсе емес, сонымен қатар сараптама салалық, нарықтағы алғашқы пилоттық жобалар да қажет. Бизнесте жобаны шексіздікке дейін пысықтап, жетілдіре беруден гөрі қателесуден қорықпау, бәрін басынан қайта бастай білу, оны іс жүзінде іске асыру өте маңызды. Стартап нарыққа неғұрлым тезірек шығып, өз өнімін шыңдап, клиенттерден кері байланыс ала бастаса, соғұрлым өсу ықтималдығы және венчурлық инвестиция алу мүмкіндігі артады».
Стартаптың инвестиция тарту кезінде табысқа жету мүмкіндігін қалай арттыруға болатындығы туралы сұраққа спикер: «Көптеген кәсіпкерлер бізге жалғыз сұраныспен келеді, бұл – ақша. Әдетте, егер адам тек ақшаны ғана сұраса, біз бұл ақшаны бермейміз. Егер стартаптың негізін қалаушы кері байланыс алу, жобаны талқылау, яғни сараптамалық пікір алу туралы өтінішпен келсе, онда біз оның бизнесін қарастыруға дайынбыз».
Басқаша айтқанда, стартапты дамытудың бастапқы кезеңінде ақша ғана емес, «ақылды» ақша, сараптама және нарықтағы нетворкинг маңызды: «Біз ешқашан әлі идея деңгейіндегі компанияға инвестиция салмаймыз. Міндетті түрде алғашқы сатылымдар, алғашқы клиенттер болуы керек, қандай да бір дайын өнім болуы тиіс. Кей кезде, құрылтайшыға бизнес-білімді көтеру керек екенін көргенде, оған алдымен өзіміздің акселерациялық бағдарламамызды ұсынамыз».
Мүмкіндіктерді төмендететін өлшемшарттарға келетін болсақ, Павел стартап үшін Burn Rate сияқты маңызды өлшемді атап өтті – бұл дегеніміз стартаптың ақшаны табатын уақытымен салыстырғанда ағымдағы шығындарға ақша жұмсау жылдамдығы: «Қазақстанда венчурлық инвестициялаудың экожүйесі өте жас екенін түсіну маңызды. Көптеген бағыттар нарықта енді пайда болуда, өтімділік соншалықты үлкен емес. Біздің венчурлық нарыққа қатысты зерттеуіміз Қазақстанда жыл сайын қаржыландырудың жетіспеушілігі шамамен 50 миллион долларды құрайтынын көрсетті, сондықтан стартаптар мұқият іріктеуден өтеді. Стартап үшін үнемді режим — бұл бүгінгі күні міндетті режим».
Сондай-ақ, Павел Коктышев құрылтайшының қыңырлығы сияқты психологиялық өлшемшартқа маңызды рөл берді: «Бұл кәсіпкерлерге бизнес ахуалына барабар қарауға мүмкіндік беретін өлшемшарт, бұл мақсатқа ұмтылушылықтан басқа нәрсе. Адам айналасындағыларға өзінікі дұрыс екенін және айналасындағылардың пікірі дұрыс емес екенін дәлелдегісі келіп, маңдайын жаратын жағдайларды мен қыңырлық деп атаймын. Нарық өніміңіз немесе қызметіңіз қажет емес деген белгі бергенде, одан әрі уақыт жоғалтудың қажеті жоқ, бірақ шығынды мойындап, басқа нәрсені байқап көру керек».
Павелдің пікірінше Қазақстанның стартап-қоғамдастығындағы адами ресурстар мен бизнес-мәдениеттің деңгейі Кремний алқабындағы деңгеймен бірдей деңгейде, нарық пен инвестициялардың ауқымы жетіспейді: «Кремний алқабында қандай да бір ерекше жаратылыс иесі немесе сиқыршы адам жоқ, ол жақта да кәдімгі біздегідей IT-мамандар. Олар бірдей кітаптарды оқиды, менеджментте бірдей тәсілдерді қолданады, бірдей бағдарламаларда жұмыс істейді және кодты сол белгілі тілдерде жазады. Қазақстанда дамудың бастапқы кезеңіндегі көптеген жақсы жобалар бар, тек инвестициялар жетіспейді, нарық ауқымы басқа».
Спикер Қазақстанда IT-сектордың өсіп келе жатқанын атап өтті: «Өңірде IT-сектор сияқты басқа бірде-бір сектор қарқынды өсіп жатқан жоқ. Алдағы 10 жыл көкжиегінде бірде-бір сектордың мұндай әлеуеті жоқ. Орталық Азия өңірі мен Қазақстандағы венчурлық инвестициялардың жиынтық көлемі 2018 жылдан 2023 жылға дейін 180 миллион АҚШ долларын құрады, бұл ретте өткен жылдың өзінде бұл шамамен 80 миллион доллар болды».
Венчурлық индустрияны дамытуда спикер «Астана» халықаралық қаржы орталығына шешуші рөл берді: «Мен 2018 жылы АХҚО іске қосылған кезде венчурлық қаржыландыру туралы заңды әзірлеушілердің бірі болдым. Жұмыс басталған кезде Қазақстанда мұндай юрисдикция бар екені туралы көп адам білмеді. АХҚО әу баста бизнес-қызмет үшін құрылған еді, іс жүзінде солай болды. Бүгін біз барлық басқарушы компаниялардың АХҚО-ға келіп, оның мүмкіндіктерін пайдаланып жатқанын көріп отырмыз. Бүгін біз орталықта Дубай, Делавэрдегідей мәмілелерді құрылымдауды қоса алғанда, қызметтердің барлық спектрін ала аламыз».
Ең табысты стартаптар екі адамның: жобаның өнімділік, техникалық жағына жауап беретін құрылтайшының және бизнестің операциялық бөлігімен, сатылыммен айналысатын адамның симбиозын білдіреді: «Инкубация кезеңінде біз стартаптарды бірігуге жиі ынталандырамыз. 90% жағдайда стартапшылар бұған саналы түрде дайын емес, өйткені олар идеяның ауқымын түсінбейді және жобаны бөліскісі келмейді».
Павелдің айтуынша, бүгінде жас ғалымдарды, білім беру стартаптарын, креативті индустрияны дамытып, ілгерілетуге баса назар аудару өте маңызды: «Осы салалардағы адамдар өздерінің айрықша артықшылыққа ие екенін түсінеді, бірақ бұл артықшылық жұмыс істейтін бизнеске айналуы үшін сата білу дағдыларының болуы, жобаның бизнес бөлігін үйрену маңызды».
Сөзінің соңында Павел Коктышев бүгінде жасанды интеллектті дамытуға және қолдануға, сондай-ақ бизнес-қызметтегі процестерді цифрландыруға баса назар аудару қажет екенін атап өтті.