Қазақстан Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатында әуелде ұстанған бағытын сақтап қалады. Жаһандық инвесторлармен кездескен жиында Орталық банк басшысы Тимур Сүлейменов осылай деп мәлімдеді.
Кездесу кезінде бүгінгі экономикалық жағдайға тоқталған Ұлттық банк төрағасы қазір жүргізіліп жатқан монетарлық саясаттың негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, инфляция бәсеңдеу қарқынын жоғалтпаса, реттеуші базалық мөлшерлеме деңгейін байыппен түсіру үрдісін жалғастырады.
«Ақша-кредит саясатының бұдан әрі бағыты Ұлттық банктің бұрынғы іс-әрекеті мен ақпараттық саясатына сәйкес болады. Нақты инфляцияның бәсеңдеу үрдісі қарқынды болса, базалық мөлшерлемені қалыпты түсіру үрдісі жалғасады. Дегенмен, фискалды ынталандырудағы әлеуетті ұлғаю тәуекелдері мен экономикадағы тұрақты сұраныс жағдайында инфляциялық күтулердің жоғары деңгейі оны төмендеу кеңістігін шектеуі мүмкін» деді ҚҰБ Төрағасы Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, Қазақстанда ақша-кредит саясаты әдеттегідей ашықтыққа, реттілікке, түсінікті әрі болжамды болу қағидаттарына негізделетін болады. Ықтимал ауытқуларға дер кезінде ден қою үшін Орталық банк жылдық инфляцияның мақсатты көрсеткішке жақындау траекториясын бақылай береді.
Тимур Сүлейменов Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етудегі өзінің негізгі мандатына берік болып қала береді деді. «Негізгі міндетіміз – инфляциялық қысымды жұмсарту және инфляцияны ортамерзімді мақсатқа жақын 5% деңгейінде тұрақтандыру. Барлық күшімізді осы мақсатқа жұмсаймыз» деп мәлімдеді ҚҰБ басшысы.