Қаңтар айының қорытындысы бойынша,Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 176 млн АҚШ долларынан 172 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,6 млрд АҚШ долларын көрсетті.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату қаңтарда 1,05 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 29%-ын және күніне 50 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерде болды.

Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сату дегенді білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында қаңтарда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 200 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 6%-ын құрады.

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) активтерінің валюталық үлесін ұлғайту аясында Ұлттық Банк қаңтарда 20 млн АҚШ доллары мөлшерінде валюта сатып алуды да жүзеге асырды. 

Ұлттық Банк қаңтарда валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

Республикалық бюджетке трансферт бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2024 жылғы ақпанда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларынан 700 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді.

2024 жылғы ақпанда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 400 млн АҚШ долларынан 500 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу күтіледі.

Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты мейілінше толық ашып көрсетуді көздейді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.