Анонимдік VS мемлекеттің бақылауы: криптовалюта нарығы қалай дамып жатыр?

2026 жылы цифрлық активтер нарығында екі ірі үрдіс қатар жүріп жатыр. Бір жағынан, дәстүрлі қаржы индустриясының алпауыттары цифрлық активтер нарығына белсенді кіре бастады. Екінші жағынан, сала бұрынғыдай реттеуші талаптардан тыс дами алмайды.

Бұл жағдай қаржы институттары үшін жаңа міндет қалыптастырды: операциялардың коммерциялық құпиясын қалай сақтап, сонымен қатар реттеуші мен комплаенс талаптарын орындауға болады?

The Vault компаниясының бас директоры Артем Стопневичтің айтуынша, 2026 жыл цифрлық активтер индустриясының кәсібилену кезеңіне өтуімен ерекшеленеді.

Дәстүрлі қаржы цифрлық активтерге келді

Соңғы жылдары цифрлық активтер нарығына дәстүрлі қаржы секторындағы ірі ойыншылардың қызығушылығы айтарлықтай артты. Олардың қатарында Visa, Mastercard, Western Union, BlackRock және American Express секілді компаниялар бар.

Astana Finance Days 2026 форумына қатысушылардың құрамы да цифрлық активтердің қаржы нарығының негізгі бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.

«Цифрлық активтер – бұл енді жеке бір индустрия емес, кез келген заманауи қаржы институтының бизнесінің бір бөлігі», – дейді Артем Стопневич.

Сонымен бірге нарықтың институционализациясы реттеуге деген талапты күшейтті.

Еуропалық одақта MiCA реттеуі толық күшіне енсе, Қазақстанда да цифрлық активтер нарығын реттейтін талаптар қалыптасып, іске қосылды. АҚШ-та цифрлық активтер нарығына арналған CLARITY Act заң жобасын ілгерілету жұмыстары жүріп жатыр.

Осылайша, сала біртіндеп бұрынғы «ережесіз даму» кезеңінен кәсіби және реттелетін нарыққа ауысуда.

«Сатып алу немесе өзің құру» мәселесі

Жаңа талаптар қаржы институттарының цифрлық активтермен жұмыс істеу инфрақұрылымына көзқарасын да өзгертті.

Компаниялар алдында классикалық buy vs build таңдауы тұр: дайын инфрақұрылымды сатып алу немесе өз жүйесін жаңа комплаенс талаптарына сәйкес қайта құру.

Осы жерде custody-инфрақұрылымының маңызы артып келеді.

Бұрын custody жүйелері негізінен цифрлық активтерді сақтауға арналған болса, қазір олардың функциясы кеңейіп жатыр. Заманауи шешімдер бір жүйенің ішінде активтерді сақтау, трейдинг, стейблкоин шығару, стейкинг, KYC/AML процестерін автоматтандыру және блокчейндегі операциялардың құпиялылығын қамтамасыз ету мүмкіндіктерін біріктіреді.

Яғни custody бір ғана «цифрлық әмиян» емес, қаржы институтының цифрлық активтермен жұмыс істейтін толыққанды операциялық инфрақұрылымына айналып келеді.

Құпиялылық – анонимдік емес

Цифрлық активтер нарығында құпиялылықты анонимдікпен шатастырмау маңызды.

Институционалдық бизнес блокчейн технологияларын операцияларды жасыру үшін емес, коммерциялық ақпаратты қорғау үшін пайдаланады.

Ашық блокчейндердегі транзакциялар көп жағдайда кез келген адамға көрінетіндіктен, компания үшін операция сомасы, мекенжайдағы баланс, смарт-келісімшарттардың шарттары немесе транзакцияға қатысушы тараптардың байланысы сияқты ақпараттың жария болуы коммерциялық тәуекелге айналуы мүмкін.

Сондықтан негізгі мақсат – операцияларды барлығынан жасыру емес, кімнің қандай ақпаратқа қол жеткізе алатынын бақылау.

Құпиялылық пен комплаенсті қалай үйлестіруге болады?

Артем Стопневич бұл модельді үш негізгі элементке бөледі.

Біріншісі – ашық желідегі үшінші тараптардан қорғау.

Коммерциялық операциялардың барлық деталі жалпыға қолжетімді болмауы тиіс. Бәсекелестер, сыртқы бақылаушылар немесе қаскүнемдер транзакция сомасын, актив балансын, мекенжайларды, келісімшарт шарттарын немесе тараптардың өзара байланысын көрмеуі қажет.

Бұл коммерциялық құпияны қорғауға, нарықтық манипуляция тәуекелдерін, соның ішінде MEV және фронтраннинг сияқты құбылыстарды азайтуға мүмкіндік береді.

Екіншісі – комплаенс үшін мақсатты ашықтық.

Операциялардың көпшілікке жабық болуы олардың реттеуші органдар үшін де жабық болуы дегенді білдірмейді.

Керісінше, цифрлық активтермен жасалған операциялар KYC/AML рәсімдері мен есептілік талаптары шеңберінде уәкілетті бақылау институттары үшін тексерілуі мүмкін болуы керек.

Яғни ақпарат жалпыға жарияланбайды, бірақ қажет болған жағдайда оны тиісті тараптар тексере алады.

Үшіншісі – селективті қолжетімділік технологиялары.

Заманауи криптография мен Web3 архитектурасы транзакцияның заңдылығын немесе активтердің шығу тегін растауға мүмкіндік береді. Бұл ретте операцияның барлық коммерциялық параметрін блокчейнде ашық көрсету міндетті емес.

Нәтижесінде компания бір мезгілде екі міндетті шеше алады: коммерциялық маңызды ақпаратты қорғау және операциялардың заң талаптарына сәйкестігін дәлелдеу.

Нарық үшін бұл нені білдіреді?

Цифрлық активтер нарығы институционалдық капиталды көбірек тартқан сайын құпиялылық пен реттеу арасындағы баланс маңызды бола түседі.

Ірі қаржы институттары үшін басты мәселе операцияларды жасыру емес. Негізгі талап – қауіпсіздік, коммерциялық құпия және реттеуші ашықтықты бір инфрақұрылымда біріктіру.

Осы тұрғыдан алғанда, цифрлық активтер индустриясындағы жаңа буын custody шешімдері активтерді сақтайтын технологиядан қаржы институттарының толыққанды операциялық жүйесіне айналып келеді.

Құпиялылық пен комплаенс бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Дұрыс технологиялық архитектура болған жағдайда бизнес операцияларын сыртқы ортадан қорғай отырып, олардың заңдылығын реттеуші органдар үшін верификациялауға мүмкіндік бере алады.