Алматы облысында шетелде қоймалары бар логистикалық парк пен құрлық порты іске қосылуы мүмкін. Бұл тек логистикалық сектордың ғана емес, өңір бизнесінің де дамуына септігін тигізеді.
Бүгінде аталмыш жобаны жүк тасымалы бойынша әлемдегі №1 порт – Шаньдун порт корпорациясы (SPG) ұсынып отыр, оның делегациясы қазір Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің (ҚИЫА) шақыртуымен Алматыға келді. Бұған дейін тараптар бизнес конференция аясында SPG өкілдігін ашу туралы келісімге келген еді.
«Бізде ел мен өңірлер арасындағы өзара ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті бар. Батыста бүкіл әлемді порттар байланыстырады дейді. Біз теңіз порттарынан бөлек, құрлық порттары да өте маңызды рөл атқаратынын айтқымыз келеді. Елдеріміз арасында барынша қолайлы логистикалық дәліз жасасақ дейміз. Біздің топ логистика және сауда саласында жергілікті қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтастықты тереңдетуге бар күш-жігерін салуда. Мақсаттарымыз ортақ болса, міндетті түрде тығыз өзара ынтымақтастықты ілгерілетіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа үлес қоса алатынымызға сенімдіміз», - дейді SPG бас директоры Ли Фэнли.
Қазақстанның экономикалық саясаты аясында байланыстың, жүктерді жеткізудің жаңа баламалы бағыттарын енгізу және транзиттік тасымалды ұлғайту үшін бондтық қоймаларының үлгісін әзірлеу жоспарлануда. Осылайша, SPG-мен ынтымақтастық құжатта көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудың қосымша құралына айналмақ.
Өз кезегінде конференцияға қатысушылар Еуропа мен Ресей Федерациясынан Оңтүстік-Шығыс Азияға электромобильдер транзитін іске қосып, сондай-ақ SPG порттары арқылы қазақстандық астықты экспорттауды қарастыруда.
Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің жетекшісі Айдын Байеділов Шаньдун порт корпорациясының басшылығы мен Қазақстанның мемлекеттік органдары, ұлттық тасымалдаушыларының өкілдерімен нәтижелі келіссөздер ұйымдастыру және оны жүргізу мүмкін болғанын сөз етті.
«SPG серіктесіміз ретінде ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін бар күш-жігерін салатынына сенемін және біз өз тарапымыздан бар жағдайды жасаймыз. Әлемдегі №1 порт тобынан smart инвестициялар күтеміз. Логистикалық тасымалдаудың тиімділігін арттыру үшін қытайлық және қазақстандық тараптардың инфрақұрылымы мен мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызын атап өткен жөн. Жүк 3 ай бойы қозғалыссыз тұрмауы және вагондар жартылай бос жүрмеуі керек. Бұл тақырыптың қазақстандық кәсіпкерлер үшін, әсіресе алматылық бизнес өкілдері үшін өте маңызы зор. Жергілікті бизнес әлемдік нарыққа, бірінші кезекте Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея нарықтарына экспорттау мүмкіндігіне ие болады. Ертең порт инфрақұрылымымен танысу үшін Маңғыстау облысына баруды жоспарлап отырмыз», - деді А.Байеділов.