Әлемдік автокөлік нарығындағы құлдырау ақыры тоқтады: биылғы жылдың тамыз айында 6,9 млн жаңа көлік сатылды, бұл 2021 жылдың тамызымен салыстырғанда 18% көп, деп хабарлайды energyprom.kz.
Қазақстандағы жаңа көліктердің сатылымы өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда бірден 25,4% өсіп, 11,4 мыңға жетті.
Қытай көш бастап тұр, мұнда үшінші ай қатарынан оң динамика сақталды: өткен жылдың тамызымен салыстырғанда бұл елде жаңа автокөліктердің сатылымы бірден 46% өсіп, биылғы жылдың тамыз айында 2,6 млн болды. Өсімге елдегі карантиндік шектеулерге байланысты кейінге қалдырылған тұтынушылық сұраныс, сондай-ақ электромобильдер сатылымына жаңа мемлекеттік қолдау шараларының іске қосылуы себеп болды. Осы тұста электромобиль сатылымының екі есе өскенін айта кетейік. Іштен жанатын қозғалтқышы бар автокөліктерге де мемлекеттік қолдау әлі бар. Айта кетейік, Қытай нарығында электромобильдер мен гибридтер сатылымының жылдам өсуі күтілуде: 2022 жылдан 2026 жылға дейін жылына орта есеппен 35,1% өседі деп болжанады.
Мемлекеттік қолдау итальяндық автокөлік нарығын да жандандыруға көмектесті – экологиялық таза автокөліктерді сатып алуды субсидиялау бойынша мамыр айында басталған шаралар өз әсерін тигізді. Осылайша, Италияда тамызда жаңа автокөліктер сатылымы 71,2 мың болды, бұл 2021 жылдың тамызымен салыстырғанда 9,9% артық.
Тамыз айында сатудың жылдық өсімі Бразилия мен Аргентинада (22%), Испанияда (9,1%), АҚШ-та (3,9%), Францияда (3,8%), Германияда (3%), Ұлыбританияда (1,2%) және Оңтүстік Кореяда да (0,2%) тіркелді.
Жапония мен Канадада керісінше 2021 жылдың тамызымен салыстырғанда жаңа көліктердің сатылымы тиісінше 8,7% және 12,9% төмендеді.
Ресейдегі сатылым 2021 жылдың тамызымен салыстырғанда 62,4% төмендеп, небәрі 41,7 мыңды құрады.
Жалпы, сегіз айда, яғни 2022 жылдың қаңтар-тамызында әлемде 52,4 млн жаңа көлік сатылды, дегенмен бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8% аз. Қытайда 17 млн-ға жуық жаңа көлік сатылған, өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 7,2% көп. Осылайша Қытай сатылым бойынша көш бастап тұр.
Одан кейін Америка Құрама Штаттары тұр, мұнда 9 млн-нан астам жаңа көлік сатылды. Бұл 2021 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда 15,1% аз.
Оңтүстік Корея (8,8% аз), Германия (9,8% аз), Ұлыбритания (10,7% аз), Жапония (13,6% аз) және Италия (18,5% аз) сияқты елдерде де жаңа автокөліктердің сатылымы төмендеді.
Көршілес Ресейде сатылым бірден 60,7% төмендеп, 410,5 мың көлікті құрады.
Қазақстанда сегіз айда жаңа көліктердің сатылымы 75 мың дананы құрады. Бұл бір жыл бұрынғымен шамалас (бар болғаны 1,5% аз).
Қазақстан автобизнес қауымдастығының ҚАБҚ) вице-президенті Анар Мақашеваның айтуынша, Ресейден келетін импорттың бірнеше есе қысқаруына қарамастан қазақстандық автобизнес жылдам қалпына келіп жатыр. «Өндірушілер қосалқы бөліктерді жеткізудің жаңа логистикалық жолдарын тауып, ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып жатыр. Импорттаушылар мен дилерлер өз кезегінде жаңа брендтерге назар аударды», – деді ҚАБҚ.
Қазақстанда биыл тамыз айындағы сатылым көлемі бойынша Chevrolet (3,9 мың автокөлік) және Hyundai (2,2 мың) брендтері көш бастап тұр, бұлар барлық сатылған жаңа көліктердің 53,3%-ын құрады. Олардан кейін Kia (1,5 мың), Toyota (998) және Lada (592 автокөлік).
Биыл қаңтар-тамыз айларында Chevrolet және Hyundai бірігіп барлық жаңа автокөлік сатылымының 51,1%-ын құрады. 20,5 мың Chevrolet көлігі сатылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2% артық. Өз кезегінде Hyundai саудасы 12,6% өсіп, 17,8 мың автокөлікті құрады.