Биылғы қаңтар-қазан айларында елімізде «Алаяқтық» бабы бойынша (ҚР ҚК 190-бабы) 37,3 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, бұл бір жыл бұрынғыдан 7,1% артық, деп хабарлайды finprom.kz.
Анықтама үшін: 2021 жылдың осы кезеңінде 34,8 мың алаяқтық оқиғасы тіркелді, жылдық өсім 28,7%.
Биыл осындай қылмыстық құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы – жалпы көлемнің 47,4%-ы – интернет-алаяқтық істері: 17,7 мың құқық бұзушылық. Сондай-ақ, төлем карталарымен 244, қарыз алу бойынша 91, несие беру бойынша 47, жылжымайтын мүлікке қатысты 1 алаяқтық жағдай тіркелген.
Өңірлер бойынша «Алаяқтық» бабымен қылмыстық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген: 8,7 мың оқиға – бір жыл бұрынғыдан 20,5% артық.
Одан кейін Астана (5,7 мың жағдай, 10,6% көбейген) және Шымкент (3,5 мың жағдай, 11,2% көбейген) кірді.
Мұндай қылмыстық құқық бұзушылықтардың ең азы жаңадан құрылған өңірлер – Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында тіркелген. Айта кетейік, жаңа өңірлер биыл жыл ортасында ғана құрылған, статистиканың аздығы содан.
Биылғы қаңтар-қазан айларында «Алаяқтық» бабы бойынша құқық бұзушылықпен келтірілген зиянның мөлшері 95,8 млрд теңгені құрап, бір жыл бұрынғыдан 88,3% көбейді.
Зиянның басым бөлігі жеке тұлғаларға келтірілген: бір жыл бұрынғы 38 млрд теңгенің орнына 64 млрд теңге. Құндық мәндегі жылдық өсім 68,4%.
Алаяқтық әрекеттер заңды тұлғаларға келген зиян бір жыл бұрынғы 4,3 млрд теңгенің орнына 23,2 млрд теңгеге, мемлекетке бір жыл бұрынғы 8,5 млрд теңгенің орнына 8,6 млрд теңге болды.