2023 жылғы 12 мамырда Бас прокуратурада Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Отырыста жұмыстың нәтижелері, жекелеген істер бойынша тыйым салынған мүлікті қабылдау тетіктері, сондай-ақ параллелді қаржылық тергеп-тексерулер жүргізу туралы мәселе қаралды.

Құқық қорғау органдарына қаражатты жылыстату белгілерімен табыс алуға байланысты істер бойынша тиімді параллелді тергеп-тексерулер ұйымдастыру тапсырылды.

Бұл негізгі қылмыс бойынша мән-жайларды анықтаумен қатар мүлікті заңсыз шығару, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.

Комиссия қылмыстық істер бойынша залалды өтеу кезінде мемлекет мүдделерін сақтау, төрелік және өзге де тәуекелдерді есепке алу қажеттігін көрсетті.

Бас Прокурор Асылов Комиссия мүшелерінің алдында ел Президентінің активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын сапалы орындаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.

Бұл ретте тергеп-тексерулер мен тексерістер орбитасына адал бизнесті тартуға жол берілмейтініне назар аударылды.

Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда мемлекетке ортақ күш-жігермен 760 млрд теңгеден астам сомаға активтер қайтарылды, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар.

Қайтару шаралары Комиссияның барлық мүшелерімен және тартылған мемлекеттік органдармен қабылданады.

Жоғарғы Сот бұрын негізсіз олигополия субъектілерінің пайдасына шығарылған шешімдерге Бас Прокурордың 24 наразылығын қанағаттандырды.

Мысалы, Алматы ауыр машина жасау зауытының 31% акциясын жекешелендіруді заңсыз деп тану туралы сот шешімі қабылданды.

Басқа жағдайда Жоғарғы Соттың қаулысы астаналық «Думан» қонақ үй кешенінің иелерінен 1,3 млрд теңге өндіріп алуға мүмкіндік берді.

Бұдан басқа, соттар заңсыз сатылған мемлекеттік мүлікті қайтару жөніндегі ондаған талаптарды қанағаттандырды.

Олардың ішінде өндірістік нысандар, базарлар, коммерциялық үй-жайлар, элиталық учаскелер және т.б. бар.

Мәселен, сот шешімі бойынша АМӨЗ меншігіне Атырау қаласындағы Сұйытылған мұнай газды сақтау паркінің 50% үлесі қайтарылды.

Құқық қорғау органдары қылмыстық істер шеңберінде жалпы сомасы 620 млрд теңгеге активтерді қайтаруды қамтамасыз етті, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар.

Басқа мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден астам сұрау хат жолданды. Олар бойынша 100 млн АҚШ долларынан асатын мүлікке тыйым салынды.

Қаржы министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының (ҚӨТ) кәсіпорындарынан қосымша 100 млрд теңгеден астам салық өндіріп алды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі ҚӨТ компанияларына 7 млрд теңгеге жуық айыппұл салды, ал БҚДА 4 млрд теңгеге санкциялар қолданды.

Прокурорлардың шараларымен олигополия субъектілеріне бұрын негізсіз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын 460 мың гектардан астам жер қайтарылды.

Сондай-ақ нарықтық бағасынан 4 есе төмен бағамен сатып алынған Алматының көтерме сауда нарығындағы үлесі, олигополия субъектілерінің меншігінде заңсыз болған Алматы әуежайының 17 коммерциялық үй-жайлары мемлекетке қайтарылды.

Шетелде мүлікті анықтау мақсатында шетелдік әріптестермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылады.

Ағымдағы жылдың сәуір айында Швейцарияда Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Базель басқару институты арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осы институттың құрамына кіретін Активтерді қайтару жөніндегі халықаралық орталығы (ICAR) – әлемдегі ең ірі орталықтардың бірі.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Комиссия қызметі аясындағы шаралар кешені экономикалық ресурстар тар шеңбердегі тұлғалардың қолында шоғырлануды тоқтатқанға дейін және адал бәсекелестік пайда болғанға дейін қабылданатын болады.