Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының Соты Төрағасының ант беру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Сотының жаңадан тағайындалған Төрағасы Лорд Манстың ресми ант беру рәсіміне онлайн форматта қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде, Қазақстан халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи, кәсіби және тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Осы орайда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының Сотын құру арқылы еліміз сот жүйесіндегі құрылымдық реформаларға бейілді екенін тағы бір мәрте анық айқындап отыр.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығының Соты Қазақстанда жұмыс істеп жатқан немесе елімізге келуді жоспарлап отырған инвесторларға әлемдегі барлық ірі қаржы орталықтарындағыдай лайықты соттармен, сот процесстерімен, тәжірибесімен және стандарттарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жалпы құқық бойынша тәжірибелі соттар өздерінің бейтараптылығымен, әділдігімен және бармақ басты, көз қыстыға көнбейтіндігімен танымал. Сондай-ақ олар сот жүйесінің тұрақтылығы мен құқық бұзылмауының кепілі, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, пандемия мен мұнай бағасының құлдырауынан туындаған қазіргідей дағдарыс кезінде ел экономикасын қайта қалпына келтіру жұмысында, инвестиция тарту барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызы арта түскен.
– АХҚО сенімді қаржылық платформа ұғымының синониміне айналып, шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген сенімін арттыруы керек. Өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызды бөлігі ретінде Қаржы орталығының тәуелсіз сот жүйесінің жалпы құқық бойынша Сотына АХҚО-ның қызметінде ерекше рөл атқарады. Соған сәйкес Қазақстанның инвестициялық бағдарламасының тиімді жүзеге асуына атсалысады, – деді Мемлекет басшысы.
«Мен үшін Лорд Вульфтің мұрагері болу және АХҚО Сотының төрағасы лауазымын атқару үлкен құрмет. Ұйымның мақсаты-бизнес және инвестициялар үшін жалпы құқықтың сенімді негізін қамтамасыз ету, бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, жалпы Орталық Азия өңірі үшін де маңызды болып табылады. Мен АХҚО соты мен «Астана» Халықаралық қаржы орталығын ілгерілетуде Қазақстан басшылығының көрсеткен қолдауына тәнтімін. Мен екі институт та керемет нәтижелерге қол жеткізуді жалғастыратынына сенімдімін» деп атап өтті Лорд Манс.
«Мен Қазақстан Республикасының басшылығына АХҚО Сот аппаратының соңғы екі жарым жылда атқарған жұмысына ризамын. Орталық Азия аймағы үшін бірегей жүйе нөлден бастап құрылды, қазір онда тәжірибесі мол көрнекті судьялар жұмыс істейді. Басқа елдерде АХҚО Сотының тәжірибесін және оның істерді әкімшілендірудің жаңа стандарттарына көзқарасын зерттеуге қызығушылық артуда», деді бұған дейін осы лауазымда болған Лорд Вульф.
АХҚО Соты өз қызметін 2018 жылы бастады. Осы уақыт ішінде сот басқа халықаралық қаржы орталықтарында осындай жалпы құқық соттарына қарағанда айтарлықтай табыстарға жетті. Істерді әкімшілендіру eJustice әлемдік деңгейдегі электрондық құжат айналымы жүйесімен және бейнебайланыс бойынша сот тыңдауларымен ең заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, кідіріссіз онлайн режимінде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта сот үшінші істі қарастырып, екі шешімді ұсына отырып, Қазақстанның сот шешімдерін орындау жөніндегі органдарымен бірлесіп арнайы әзірленген қадамдық рәсімдерді пайдалана отырып, 100% - ға сәтті орындалды.
Сот ескертпесі мыңдаған коммерциялық келісімшарттардың дауларын шешу туралы тармақтарға, соның ішінде Chevron энергетикалық корпорациясының стандартты келісімшарттарына енгізілді. Әлемнің 23 құзыретінің 172 заңгері АХҚО Сотында өз клиенттерінің мүддесін білдіру құқығымен тіркелген. Өзара түсіністік туралы 22 меморандумға басқа да жергілікті, өңірлік және халықаралық дауларды шешу орталықтарымен қол қойылды. 1000-нан астам заңгер жалпы құқықтағы адвокатура, халықаралық коммерциялық құқық мәселелері бойынша оқудан өтті және халықаралық медиаторлар ретінде аккредиттелген. Жаңа қызметтер, соның ішінде сот медиациясы іске қосылды. Қосымша қызметтер осы жылы АХҚО сотының жұмысындағы инновациялық көзқарасты растау ретінде енгізіледі.
Шара соңында Қазақстан Президенті Лорд Вульфке Қаржы орталығының сот жүйесін құру барысында сіңірген еңбегі үшін алғыс айтып, Лорд Мансқа АХҚО Сотының Төрағасы ретіндегі жұмысына табыс тіледі.
Айта кетейік, Лорд Манc 1965 жылы Англия мен Уэльстің заңгерлер алқасына қабылданды (Миддл Темпл) және 1982 жылы корольдік адвокаты болып тағайындалды. 1990 жылы ол Рекордер, ал 1993 жылы Англия мен Уэльстің Жоғарғы Сотының, Корольдік Бенч филиалының судьясы болып тағайындалды. 1999 жылы Англия мен Уэльстің апелляциялық сотында лорд-судья болып тағайындалды. 2005 жылы Лордтар палатасындағы Апелляциялық соттың төрағасы болды. 2009 жылы ол және аппеляциялық соттың тағы тоғыз судьямен қатар Біріккен Корольдіктің Жоғарғы Сотының судьялары болып тағайындалды. 2017 жылы ол Ұлыбритания Жоғарғы Сот төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2018 жылы ол зейнетке шығуына байланысты бұл қызметінен кетті.
Ол коммерциялық және халықаралық сауда, халықаралық жария және жеке құқық, сондай-ақ Еуропалық Одақ құқығында көп жылдық тәжірибеге ие. Ол банктік шағымдар бойынша әр түрлі соттарда төрағалық етті (1992-1993), Еуропалық судьялардың Консультативтік кеңесінің төрағасы (2002-2003), Британдық сақтандыру құқығы қауымдастығының төрағасы (2000-2002), сонымен қатар Еуропалық құқық академиясының қамқоршысы (2003). 2012 жылдан бастап 2018 жылға дейін ол Оксфорд университетіндегі Пэр сотының төрағасы болды, азаматтық құқық бойынша құрметті доктор дәрежесін алды және қазіргі уақытта Университет колледжі мен Вулфсон колледжінің құрметті мүшесі болып табылады.
АХҚО Соты тәуелсіз орган болып табылады және Англия мен Уэльстің жалпы құқығы қағидаттарына және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген.
АХҚО Соты бірінші сатыдағы соттан және апелляциялық соттан тұрады. Күрделілігі мен сомасы жағынан елеусіз дауларды жедел шешуді қамтамасыз ету үшін бірінші сатыдағы сотқа болмашы даулардың соты кіреді.
АХҚО Соты әкімшілік және қылмыстық сот ісін жүргізбейді және АХҚО-ға қатысушылар, АХҚО органдары арасындағы дауларды және АХҚО құқығына сәйкес АХҚО-да жүзеге асырылған операциялар бойынша дауларды шешуді қамтамасыз ету үшін айрықша құзыретке ие. Сонымен қатар, АХҚО соты тараптардың келісімі бойынша АХҚО сотына берілген дауларды қарастыра алады