Ұлттық компанияларымыздың IPO-ға шығуы, яғни акцияларын бастапқы жария орналастыруы биыл да жалғасын табады. Ұлттық компаниялардың көпшілік нарыққа шығуы, біріншіден, осы науқан арқылы қазақстандықтар ұлттық байлықтан үлес алмақ. Екіншіден, компанияның акционерлер алдындағы жауапкершілігі автоматты түрде халықтың да алдында ауырлай түседі. Бұрын ұлттық деген мәртебесі бар компаниялардың не істеп, не қойып жатқанынан хабарсыз болып келсек, ендігі уақытта олардың әрбір әрекетінен халық хабардар болмақ.
Жалпы, ұлттық компанияларымыздың IPO-ға шығуы тәуір нәтиже көрсетіп келе жатыр. Алғашқы болып «ҚазТрансОйл», KEGOC компаниялары шықты. Бертінде «ҚазАтомӨнеркәсіп» акциялары IPO-да сатылды. Уран өндірушісінің 15 пайыз акциясы сатылып, компания 1 акция үшін 2018 жылы – 308,46 теңге, 2021 жылы – 876,74 теңге, 2022 жылы 774,88 теңге дивиденд төледі. 2022 жылдың соңында «ҚазМұнайГаз» IPO-сы жүзеге асты. Бір акцияның құны 8 406 теңгені құрап, кейін ол 40 пайыз, 11 700 теңгеге дейін қымбаттады. Ендігі кезек Air Astana-ға келіп отыр. Компания IPO-ға шығады дегелі біраз болып, алайда әркез кейінге шегеріліп келе жатқан. Кейін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, биыл жыл басында ұлттық әуе тасымалдаушысының акциялары қос бірдей қор биржасында өткізілмек. Компания акционері жалғыз «Самұрық-Қазына» (51 пайыз) емес, британиялық BAE Systems компанияның 49 пайыз акциясына иелік етеді. Олар IPO-ны Лондон қор биржасында да өткізуді дұрыс деп тапқан.
Air Astana қаншалықты тартымды компания?
Ешкім де компания акциялары белгілі бір мерзім ішінде қымбаттайды, сондықтан оны ойланбастан сатып алу керек деп кеңес бере алмайды. Біз де ондай кеңес бермейміз. Бірақ қалай болғанда да Air Astana – жаман компания емес. Өсіп, өркендеп келе жатқан, ұзақ мерзімді перспективада әлеуеті жоғары компания. Географиялық ауқымы да жыл санап ұлғайып келе жатыр. Компания Алматыда басталған road-show кезінде өздерінің мүмкіндіктерін санамалап, болашақ жоспарларын таныстырған.
Компания құрылғалы бері өзінің тұрақты клиенттері қалыптасты. Қазақстан әуе нарығында сапалы сервис ұсыну тұрғысынан ең бірінші орында екені даусыз. Тиісінше, сервис сапасын әлде де жақсарта түсеміз дегенді айтады. Соңғы кездері компания рейстері Орталық Азия және Кавказ өңіріне қарай кеңейе түсті. Қазір компанияда 50 ұшақ бар. Оның басым бөлігі операциялық лизингпен алынған. Компания басшылығы әуе кемесінің санын 80-ге жеткізбек ниетте. Бұл сатып алуларды да операциялық лизинг арқылы жүзеге асырмақ. Мұның бір жақсы тұсы – компания лизингпен келген мүліктің аман-саулығына айырықша жауапты болады және оның үстіне қылау қондырмай қарайды. Сәйкесінше, лизингтік компания да осындай қатаң талаптарын орындаған әуе компаниясына ғана ұшақ сатады.
2022 жылы әуе компаниясы 7,35 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 11 пайыз жоғары. Сондай-ақ бұл – компанияның 20 жылдық тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Компания 2022 жылы 1,03 млрд доллар табыс тапқан. Бұл да 2021 жылдың таза кірісінен (761,8 млн доллар) көп. Бұл ретте жолаушылар тасымалынан түскен табыс үлесі 2022 жылғы 94 пайыздан 2023 жылы 96,7 пайызға дейін ұлғайған.
Ал 2023 жылдың 9 айының нәтижесі бойынша, компания түсімі 900,6 млн долларға жеткен. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңінен 20,5 пайыз көп. Операциялық табыс көлемі 2022 жылғы 9 айындағы 115,9 млн доллардан 2023 жылдың 9 айында 128,9 млн долларға көбейген. Былтырғы үш тоқсанда Air Astana 6 млн жолаушы тасымалдапты (2022 жылдың үш тоқсанындағы көрсеткіштен 600 мың адамға көп). Жүктеменің орташа коэффициенті – 84 пайыз.
Мамандар «халықтық IPO-ның» инвесторлар үшін өте табысты тәжірибеге айналғанын айтады. Сарапшылар болжамынша, егер өтінімдер кітабында сұраныс өте көп болса, акциялардың алғашқы бағасы да қымбаттау болуы мүмкін. Бірқатар мамандар Air Astana кем дегенде жарты жылда 20% өсім беруі мүмкін деп пайымдайды. Мұны бұған дейінгі тәжірибелер де көрсетеді.
Акция алған адам қалай табыс табады?
Компания акциясын сатып алу еш қиын емес. Қаржы институттарының цифрландыруды әлдеқайда дамытуының арқасында бұрын күрделі көрінетін операциялардың өзі қазір біршама жеңілдеді. Елімізде IPO-да өтінім жинаумен бірнеше қаржы мекемесі, яғни лицензиясы бар брокерлер айналысады.
Бұл ретте алаяқтарға сеніп қалмау өте маңызды. Тек лицензияланған брокерлерге сенім артыңыз.
Air Astana акциясы 2,13-2,75 доллар аралығында саудаланады. Қазақшалағанда, шамамен 1000 теңгенің айналасы. Акция бірнеше биржа алаңында өткізілетіндіктен акциялар теңгемен де, доллармен де қолжетімді. Компания акциясын сатып ала отырып қазақстандықтар кірістіліктің екі түрінен үміт ете алады: нарықтық өсім – компанияның қаржылық жағдайы жақсара түссе акциялар сөзсіз қымбаттайды, тиісінше оған инвестор да қаржы құюға құлықты болады және табыс артады. Сіз қымбаттаған акцияны сатып жіберіп те табысқа кенеле аласыз. Екіншіден, компания түскен пайданың бір бөлігін дивиденд ретінде акционерлеріне төлей алады.
Алаяқтарға алданып қалмаңыз
Кез келген қаржылық шараның бел ортасында алаяқтар да жүреді. Сірә, олардың құрығына түсіп қалатындар да аз болмайды. Өйткені әдемі уәде көп адамды қызықтырып әкетеді. Ал алаяқтар болса, әдетте табысқа кепілдік беріп тастайды. Тіпті 100 пайыз пайдаға кенелесіз деп қызықтыратындар да баршылық. Әрине, оларға сенуге болмайды. Қор нарығында супер-маманның өзі 100 пайыз тұрмақ, 10 пайыздық табысқа да кепілдік бермейді. Тек болжайды, кеңес береді және тәжірибесімен бөліседі.
Елімізде өтінімдерді жинаумен лицензиясы бар брокерлер айналысады. Сіз олардың атауымен Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтына кіру арқылы, сонымен қатар IPO-ны өткізгелі жатқан компания дерек көздеріне жүгіну арқылы біле аласыз.
Ә дегенде алаяқтарды тани кету де оңай емес. Өйткені олар керемет мобилді қосымшалар шығарып, оның атауы мен профилді суретін ресми дерек көздегідей аумайтындай етіп істейді. Олар әрбір шығарылымның астына арнайы мол пікірлер ағынын ұйымдастырып, кірген адамды сендіріп тастауға тырысады. Көп жағдайда олар өздерін Үкімет қолдауымен жұмыс істейміз деп таныстырып, маңызды жарияланымдарына Президенттің немесе Үкіметтегі лауазымды тұлғалардың суреттерін орналастырады. Олар IPO акциясын сатып алу мол табыс әкеледі дегенге басымдық береді. Азаматтарды иландыру мақсатында инвесторлардың фейк пікірлерін жария етеді.
Қосымшаның жалғандығын тану үшін мобилді қосымшаның қаншалықты жиі жаңартылатынына, әзірлеушісі кімдер екеніне, пікірлер саны мен олардың жариялану мерзіміне, сондай-ақ пайдаланушылардың аты-жөін мен суретіне мән беру керек.
Бұған дейінгі IPO-лар кезінде алаяқтар интернетте фишингтік парақшалар ашып, танымал мессенджерлер арқылы адамдарға ұдайы хабарламалар жіберумен айналысқан. Мұндай әрекеттердің осы IPO кезінде де болатыны түсінікті. Алаяқтарға алданбас үшін ресми дерек көздерін үнемі қарап, қаржылық сауатты күн сайын арттырып отырған абзал.
Қай брокерді таңдаған жөн?
Қазақстанда лицензиясы бар, заңды жұмыс істейтін бірнеше брокер бар. Солардың бірі — Jusan Invest. Неліктен бұл брокерді таңдау керек? Оның қандай артықшылықтары бар? Ендеше, рет-ретімен түсіндіріп өтелік.
Jusan Invest – қазіргі заманғы онлайн брокер және клиенттердің әл-ауқатын басқаратын компания. Компания 2004 жылдан бастап жұмыс істейді және классикалық қызметтері бар дәстүрлі брокерден бастап ең ауқымды өнім желісі бар толыққанды онлайн брокерге дейінгі трансформация жолынан өтті. Компания өз клиенттерінің капиталын үнемдеу және көбейту қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға күш салады.
Мұндағы барлық өнім мен процесс жоғары технологиялық сервистермен жарақтандырылған. Ал инновация, идея және бизнесті жүргізуде ашықтық қағидаты әркез алға шығады. Сонымен қатар әр клиентке қатысты дербес шешім қабылдау жүзеге асырылады.
Jusan Invest акция таңдауда көмекке келіп, тиісті кеңестер ұсынады. Бұл әсіресе, қор нарығына енді қадам басқан инвестордың жүгін жеңілдетеді. Екіншіден, мұнда инвесторлардың өзара әлеуметтік желісі құрылған. Radar деп аталатын инвесторлар қауымдастығымен бірлесіп биржада сауда жасаған әлдеқайда оңтайлы. Үшіншіден, мобилді қосымша арқылы әлемнің әр түкпіріндегі акция, облигациялармен саудаласуға мүмкіндік бар. Тұрақты пассивті кіріс алғысы келетін немесе белсенді түрде инвестиция жасағысы келетіндер үшін инвестициялау академиясының жұмыс істейтінін де айта кетейік.
Jusan Invest-те жеке шотты ашу, жүргізу, жабу қызметі, клиенттің бағалы қағаздарын есепке алу қызметі тегін жүргізіледі. Сонымен бірге, күн сайын әлемдік нарық шолуын ұсыну, қысқа мерзімді инвестициялық идеялар беру, Jusan Radar әлеуметтік платформасына қолжетімділік беру де тегін. Жергілікті нарық, яғни KASE мен AIX-те мәміле егер қағаз тасымалдаушы арқылы жасалса – 0,05 пайыз, онлайн жасалса 0,03 пайыз ғана комиссия ұсталады.
Қорыта айтар болсақ, ұлттық компания акциясын алу халықтың кірісіе арттырып, пассив табыс табуына таптырмас жол. Биыл IPO-ға шыққалы отырған Air Astana компаниясы да әзірге қаржылық тұрақты, нарықта орны бар компания ретінде белгілі. Осы орайда, ұлттық әуе компаниядан үлес алғыңыз келсе, лицензиясы бар брокерлік компарияға жүгінген жөн. Бұл тұрғыда Jusan Invest сізге көмекке келеді.
Айта кетейік, IPO-ға қатысу өтінімін 2024 жылдың 8 ақпанына (12:00-ге дейін) дейін беру керек.