Freedom Broker өзінің «Эйр Астана» (Air Astana) АҚ-тың IPO-на қатысқанын қорытындылайды және орналастыруға қатысқан Freedom Broker клиенттерінің портретін ұсынады.
Freedom Broker-ге жазылым кезеңінде көлемі 131 млн АҚШ доллары болатын 7,8 мыңнан астам өтінім келіп түсті және биржаларға берді, бұл – мәмілеге қазақстандық қатысушылар арасында ең үлкен көлем болып табылады және қазақстандық нарықтағы жалпы сұраныстың 27% үлесіне сәйкес келеді, ол 483 млн АҚШ долларынан асты. Өтінімдерді 7,5 мың бірегей клиент берді.
Freedom Broker-дің өтінімдері 49 млн АҚШ долларына баламалы сомаға қанағаттандырылды, бұл IPO-ның қорытындылары бойынша қанағаттандырылған өтінімдердің жалпы сомасының 13%-ы және қазақстандық нарықта қанағаттандырылған өтінімдердің жалпы сомасының 23%-ы болып отыр.
Бұл ретте қанағаттандырылған өтінімдердегі орташа чек 6,3 мың АҚШ долларына баламалы соманы құрады. Freedom Broker клиентінің барынша көп қанағаттандырылған өтінімі 374 мың АҚШ доллары болды.
Жалпы алғанда, Freedom Broker және оның клиенттері IPO шеңберінде шамамен 11,8 млн жай акция мен 2,2 млн жаһандық депозитарлық қолхат (ЖДҚ) сатып алды.
Air Astana-ның ІРО-на қатысқан Freedom Broker клиентінің портреті
Бастапқы орналастыруға 31-40 жас аралығындағы инвесторлар үлкен қызығушылық танытты. IPO-ға қатысуға өтінім берген компания клиенттерінің жалпы санынан олардың үлесі 32,3%-ды құрады, екінші орында 21-30 жастағы клиенттер (23,2%), 41-50 жастағы санатта 22,7%, өз кезегінде 51-60 жастағы аға буын клиенттердің жалпы санының 11,9%-ын құрады.
Географиялық тұрғыдан жеке тұлғалар арасында өтінімдердің көлемі жағынан қалалық инвесторлар барынша белсенділік танытты:
- Алматы (12,7 млрд теңге)
- Астана (7,1 млрд теңге)
- Қарағанды (1,8 млрд теңге)
Өтінім берген жеке тұлғалардың ең көп шоты жағынан үздік 3-ке мынадай қалаларды бөлуге болады:
- Алматы – 2,8 мың
- Астана – 1,7 мың
- Ақтөбе – 0,4 мың
Қазақстандықтар үшін алғаш рет осы бағалы қағаздарды Astana International Exchange (AIX) биржасында премаркетте таңғы уақыттағы сауда-саттық шеңберінде сатып алудың бірегей мүмкіндігі туды. Freedom Broker AIX-те маркетмейкер болды. 2024 жылғы 9-14 ақпан аралығындағы кезеңде AIX-те таңғы уақыттағы сауда-саттық көлемі 7,8 млн АҚШ долларын құрады. AIX-те таңғы уақыттағы сауда-саттық шеңберінде жай акцияларға баға белгіленімдері 10,9%-ға, ЖДҚ-ның баға белгіленімдері 7,3%-ға өсті.
Freedom Broker IPO және премаркет шеңберінде барлығы 13 мыңнан астам өтінім жинады, оның 9,1 мыңы акцияларды сатып алуға, 3,9 мыңы ЖДҚ-ны сатып алуға берілді. Өтінімдердің ең көп санын Қазақстан Республикасының резиденттері берді, олар жалпы санның 95%-ын құрады.
Air Astana акциялары мен ЖДҚ қайталама сауда-саттықтарының ашылуы 2024 жылғы 15 ақпанда өтті. Freedom Broker AIX-тің негізгі сауда-саттығының маркетмейкері ретінде әрекет етеді.
Бірінші күннің қорытындысы бойынша (2024 жылғы 15 ақпан) AIX-тегі сауда-саттықтың көлемі 105,2 млн теңгені (теңгедегі жай акциялар бойынша), 1,4 млн АҚШ долларын (доллардағы жай акциялар бойынша), 1,417 млн долларды (доллардағы жай акциялар бойынша) құрады. KASE-де сауда-саттық көлемі 2,2 млрд теңгені құрады. Орналастырудан кейінгі сауда-саттықтың бірінші күні AIX-ке теңгемен жай акциялардың бағасы 10,8%-ға өсті, KASE-де өсім 2,56%-ды құрады (премаркеттің жабылу бағасынан).
Естеріңізге сала кетейік, Air Astana акцияларын бастапқы жария орналастырудың өткізілетіні туралы шешім Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде қабылданған болатын. Алдыңғы орналастыру 2022 жылғы желтоқсанда «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың IPO-сы болды. Осы бағалы қағаздардың орналастырылған сәттен бастап бағасының өсуі 43,6%-ды құрады.
Air Astana-ның IPO-на қатысуға өтінім берген Freedom Broker клиенттерінің жалпы санының шамамен 45%-ы «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың IPO-на қатысты.