Биыл қаңтар-ақпан айларында республикада 286,7 мың жұп аяқ киім шығарылды, бұл бір жыл бұрынғыдан 42,9% артық.
Өңірлер бойынша ең көп аяқ киім өндірісі Алматы қаласына тиесілі: 153 мың жұп – 2022 жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда 50,4% артық. Үздік үштікке Алматы (48,5 мың жұп) және Жамбыл (27,9 мың жұп) облыстары да кірді.
Анықтама үшін: жалпы 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында елімізде 1,7 млн жұп аяқ киім шығарылды, бұл бір жыл бұрынғыдан 17,6% артық.
Бұл ретте, өндіріс көлемінің өсуіне қарамастан, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда жергілікті компаниялар аяқ киімге деген сұранысты (экспорт және ішкі нарықта сату) бір жыл бұрынғы 2,8%-бен салыстырғанда 4,2% ғана қамтамасыз етті. Отандық өнімнің нарықтағы үлесі бір жарым есеге жуық өскенімен, әлі де өте аз.
Аяқ киім импорты бір жылда 22,9% азайып, 38,7 млн жұпты құрады. Бұл ретте экспорт көлемі де 50,2% төмендеп, 105,5 мың болды (бірақ бұрын да көрсеткіштер жоғары емес еді).
Ішкі нарықта аяқ киім сатылымы 40,3 млн жұпты құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 21,6% аз.
Биылғы ақпанның қорытындысы бойынша, аяқ киім бағасы бір жыл ішінде 20,5% өскен. Оның ішінде ерлер мен әйелдер аяқ киімі 18,2%, балалар аяқ киімі 26,5% қымбаттады.
Бағаның өсуін ең көп Маңғыстау облысының тұрғындары сезінді: бір жылда бірден 31,5%-ға. Шымкент (30,2%) мен Астанада (28%) да қатты қымбаттады. Баға ең аз өскен өңір Ұлытау облысы, оның өзі 13,7%.
Ерлердің аяқ киімі Ақтөбе облысында, әйелдер аяқ киімі Маңғыстау облысында, балалар аяқ киімі Шымкентте ең көп қымбаттады. Ерлерге арналған аяқ киім бағасының ең аз қымбаттаған Ұлытау облысы, әйелдер аяқ киімі ең аз қымбаттаған – Батыс Қазақстан, балалар аяқ киімі ең аз қымбаттаған – Қостанай.