Үкіметтің шешіміне сәйкес, 2025 жылғы 16 қазаннан бастап АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізілді. Баға әрбір жанармай құю бекетінде бұрынғы деңгейде жеке бекітіледі, ал республика немесе өңірлер үшін біртұтас баға белгіленбейді, деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

«Мораторийдің негізгі қағидаты – әрбір жанармай құю желісінде 16 қазан күнгі жағдай бойынша қолданыста болған деңгейде АИ-92 бензині мен дизель отынының бөлшек бағасын бекіту. Ел бойынша бірыңғай шекті баға енгізілмейді. Мұндай икемді тәсіл бәсекелестіктің тиімді элементтерін сақтауға мүмкіндік береді және операторлар арасындағы баға айырмашылығын түсіндіреді», – деп түсіндірді министрлік.

Ведомство мәліметінше, ірі жанармай құю желілеріндегі баға аралығы келесідей: АИ-92 бензині – литріне 213-тен 239 теңгеге дейін; дизель отыны – литріне 317-ден 337 теңгеге дейін.

Сонымен қатар Энергетика министрлігі елдегі отын қоры жеткілікті деңгейде екенін, яғни 3–4 апта бойы үздіксіз қамтамасыз етуге және оның тұрақты түрде толықтырылып отыруына мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.

Баға тұрақтылығы жеткілікті көлемдегі қор есебінен қамтамасыз етіледі: АИ-92 бензині – 341 мың тонна; дизель отыны – 405 мың тонна. Қазіргі уақытта елдегі екі мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) штаттық режимде жұмыс істеп тұр, ал Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін 25 қазаннан бастап өндірістік нысандарды кезең-кезеңімен іске қосуды бастайды.