Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың теріс салдарын барынша азайту бағытында шаралар қабылдап жатыр. Премьер-министр Үкімет мүшелерінің, басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының қатысуымен мемлекет басшысының азаматтар мүддесі үшін экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыруды ретке келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Жиын қорытындысы бойынша биылғы 16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізілетіні туралы шешім қабылданды.
Премьер-министр Энергетика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тиісті қадағалау жүргізуді, сондай-ақ ішкі нарықты ЖЖМ-мен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
«Мемлекет басшысының әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру бойынша берген тапсырмаларына сәйкес барлық жұмыс жүргізіліп жатыр. Ең алдымен жанармай бағасының көтерілмеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бүгіннен бастап мораторий жарияланады. Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп тиісті жұмыстарды жүргізуде. Сонымен қатар электр энергиясы, жылу саласындағы тарифтердің де көтерілмеуін қадағалаудамыз. Жұмыс бірнеше бағытта жүргізілетін болады – бұл ішкі шығындарды оңтайландыру және көмірдің тұрақты бағасын, сондай-ақ теміржол тарифтерін қамтамасыз ету. Жақын арада коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге мораторий жарияланады. Бұның барлығы Президенттің берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асады», — деді энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.
Айта кетсек, 17 қазанда президенттің баспасөз хатшысы Тоқаевтың Премьер-министр Олжас Бектеновке осы аптаның соңына дейін азаматтардың мүддесін ескере отырып, Үкіметтің экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыру үдерісін реттеуге қатысты нақты шаралар әзірлеуді тапсырғанын айтты. Үкіметке шағын және орта бизнесті қолдауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған түзетулер енгізіп, қажетті шешімдер қабылдау міндеті жүктелді.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі параметрлері Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді, сонымен қатар онда жаһандық конъюнктура мен қазіргі нарықтық үрдістер ескерілген деп санайды», – деп жазған еді Руслан Желдібай.