ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан Республикасына мемлекеттік сапары аясында "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов бастаған делегациясы Әзербайжан мемлекеттік ведомстволарымен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды АХҚО баспасөз қызметі.
"АХҚО инвестициялар тарту үшін өңірлік платформа және қазіргі заманғы қаржылық қызметтер үшін қолайлы реттеуі бар экожүйе ретінде қызығушылық тудырады. ҚР Үкіметімен бірлесіп АХҚО арнайы экономикалық аймақтармен орталықтың экожүйесін интеграциялау бойынша жұмыс істейді, бұл экономикалық белсенділікті арттырады. Атап айтқанда, бұл тәжірибе әзербайжандық әріптестерге қызықты. Әзербайжан Республикасының Орталық банкімен кездесуде АХҚО мүмкіндіктердің таныстырылымын өткізіп, бүгінде "Алят" арнайы экономикалық аймағын дамытып жатқан Әзербайжан тарапы үшін маңызды тәуелсіз юрисдикциялар мен арнайы аймақтардағы реттеу тәжірибесін талқылады", дейді "Астана" халықаралық қаржы орталығының бас экономисі Бауыржан Бектеміров.
Бауыржан Бектеміровтың айтуынша, "Алят" аймағының дамуы Қазақстан-Әзербайжан қатынастары үшін маңызды трансөңірлік интеграцияны нығайтады.
"Реттеу саласындағы тәжірибемен алмасу қайта сақтандыруды реттеу, активтерді басқару, сондай — ақ FinTech Lab аймақтық реттеуші құмсалғыштың жұмысын талқылауды да қамтыды. Тараптар әзірбайжандық қаржы институттары мен финтех-стартаптардың АХҚО-ға қатысу мүмкіндігін талқылады. Бүгінде АХҚО-да Әзербайжан Республикасынан 2 компания бар.
Кездесу осы жылдың маусым айында "Astana Finance Days" конференциясы шеңберінде өткен өңірдің орталық банктерінің басшылығымен өңірлік дөңгелек үстелдің жалғасы болды. АРОБ және АХҚО өңірдің басқа қаржы реттеушілерімен бірге жұмысты жалғастыру және тәжірибе алмасу туралы уағдаласты", дейді Бауыржан Бектеміров.