Қазақстанда 2025 жылы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Несие беру қарашаның соңында басталады, деп хабарлады бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
«Президенттің қаржыландыруды биыл желтоқсан айында бастау туралы тапсырмасын орындау үшін Үкімет қаулысының жобасы әзірленіп, осы отырыстың қарауына шығарылды. Бұл шешімді күтпестен Аграрлық несие корпорациясы 29 қарашадан бастап 100 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды бастайды. Қазірдің өзінде 500-ден астам ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен өтінім келіп түсті», — деді Азат Сұлтанов.
Қаражат шаруаларға екінші деңгейлі банктер, несие серіктестіктері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы беріледі. Бұл ретте, Азат Сұлтанов атап өткендей, 2024 жылы қаржыландыруға бар болғаны 7 ҒӨО қатысқандықтан, ҒӨО бағдарламасына барлық өңірлерді тарту қажет.
Саланы «ұзақ мерзімді» және қолжетімді несие ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында жеңілдетілген несиелендіруге көшумен фермерлердің несиелерін субсидиялау жүйесі қайта қаралатын болады. Бұл АӨК үшін бюджет қаражаты болмаған жағдайда туындайтын тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда шаруаларға субсидия тоқтап, орнына 5%-дық жеңілдетілген несие болатыны хабарланған еді.