2023 жылы БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 1,6 трлн теңге шамасында таза инвестициялық кіріс есептелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен 685,4 млрд теңгеге немесе 77,7% артық. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік 2023 жылы 10,1% құрады. Бұл кезеңдегі инфляция 9,8% мөлшерінде болды. Инвестициялық кіріс қаржы құралдары (бағалы қағаздар, салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. тұрады. 

БЖЗҚ зейнетақы активтері ұзақ инвестициялық көкжиекке ие және инвестициялаудың негізгі мақсаты – ұзақ мерзімді кезеңде нақты табыс алу. 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған күннен бастап инвестициялық кіріс 2024 жылғы 1 қаңтарда шамамен 9,4 трлн теңге болды, ал бүкіл кезең ішінде жинақталған инфляция 754,3% болғанда жинақталған инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 816,4% көрсетті. Осылайша, ұзақ мерзімді кезеңдегі жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік бар. Төлемдер құқығы басталған кезде салымшының жинақталған кірістілігіне әсер еткен жекелеген кезеңде кірістіліктің төмендеуі кезінде де айырмашылықты өтеуге мемлекет кепілдік береді.