2023 жылы Индустрия саласында биыл 1 трлн теңгеге 170 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Әлихан Смайылов атап өткендей, биыл экономикаға 18,3 трлн теңге көлемінде негізгі капиталға инвестиция тарту міндеті тұр. Жалпы құны 28,1 трлн теңгеге 873 жобадан тұратын инвестициялық пул пысықталуда. Сонымен қатар релокациялау шеңберінде 24 компания Қазақстанға көшті, тағы 43 компания бойынша жұмыс жалғасуда.
«Индустрия саласында биыл 1 трлн теңгеге 170 жоба іске қосылады. Осының есебінен 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Оның айтуынша, мұнай-газ саласында Теңіз кенішінде Сағалық қысымды басқару және Болашақ кеңейту жобаларын іске асыру жалғасуда, 5-ші компрессордың құрылысы басталып, Қарашығанақта қуаты жылына 4 млрд текше метр болатын тауарлық газды дайындау жобасы пысықталуда.
Сонымен қатар Қашаған кен орнында жалпы қуаты 1 млрд текше метрден асатын газ өңдеу зауытының құрылысы жалғасуда. және қуаттылығы 4 млрд текше метр болатын тағы бір газ өңдеу зауытын салу мәселесі пысықталып жатыр.
Ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 536 млрд теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба жүзеге асырылуда, бұл шамамен 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар субсидиялау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Президентінің төрағалығымен өткен кеңесте Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты.
Сондай-ақ Премьер-Министр биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемінің 140 млрд теңгеге дейін ұлғайтылғанын айтты. Шаруаларға 419 мың тонна дизель отыны арзандатылған бағамен бөлінді. Бұдан бөлек, егін орағына қосымша 400 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылды. Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен кредит беру 145 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдағы әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жаңа Ауылдық аумақтарды дамыту жаңа тұжырымдамасы қабылданды», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, биыл микрокредит беру және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы ауыл халқының табысын арттыру бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталды. Бұл мақсатқа биыл 100 млрд теңге бөлінді. 7 жыл ішінде жоба бойынша 1 млн-нан астам ауыл тұрғыны қамтылады. Оған жалпы 1 трлн теңге көзделген.
Осы ретте Әлихан Смайылов ауылды дамытудың негізгі тетіктерінің бірі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы болып қала беретінін баса айтты. Биыл бағдарлама аясында 900 ауылда жалпы құны 198 млрд теңге болатын 1800-ден астам жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ шекара маңы аудандарының инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралар қолға алынды. 2023 жылы 140 ауылда 290 нысан пайдалануға беріледі.