LMC Automotive мәліметінше, әлемде жаңа жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық көлік сатылымы былтырғы көрсеткішке жақындап қалды, 2022 жылдың қаңтар-қазан айларында 66,6 млн дананы құрады. Былтырғыдан бар болғаны 0,9% аз. Дегенмен, әлем бойынша жаңа автокөлік сатылымының қалпына келуіне, ең алдымен, автокөлік нарығының көшбасшысы – Қытайдың саудасы 8,2% өсіп, 21,9 млн данаға дейін көбеюі әсер етті, деп хабарлайды energyprom.kz.
Басқа елдерде – көлік нарығының алпауыттарында биылғы сатылым өткен жылғыдан әлі де төмен. Мәселен, АҚШ-та биылғы қаңтар-қазан айларында жаңа автокөлік сатылымы 11,3 млн болды, бұл былтырғыдан 10,8% аз. Сатылым Батыс Еуропада 9,6%, Жапонияда 7,2%, Оңтүстік Кореяда 4,2%, Шығыс Еуропада (Түркияны қосқанда) 29,1% азайды. Көршілес Ресейде жаңа көлік сатылымы бірден 59,6% төмендеді.
Ал Қазақстандағы жағдайдың жақсырақ екені сөзсіз: 2021 жылдың қаңтар-қазан айларымен салыстырғанда биылғы он айда сатылым 0,9% өсіп, 97,7 мыңға жетті.
ҚР-дағы жаңа автокөлік сатылымында брендтер ішінде, дәстүрлі түрде Chevrolet және Hyundai көшбасшы, олар республиканың автокөлік нарығының жартысынан сәл астамын құрайды.
2022 жылдың қаңтар-қазан айларында 27,6 мың жаңа Chevrolet, 22,4 мың Hyundai көлігі сатылды. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда Chevrolet сатылымы 10,7%, Hyundai сатылымы 15,4% өсті.
Сонымен қатар, 2022 жылдың қазан айында әлем бойынша жаңа жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық көлік сатылымы былтырғы қазан айымен салыстырғанда 10% өсіп, 7,1 млн дананы құрады.
Жапондық автокөлік нарығында айтарлықтай өсім байқалды: 28,9% көбейген. Оңтүстік Кореяда сатылым 15,1%, АҚШ-та 12,1%, Қытайда 8,2% өсті. Батыс Еуропада жаңа автокөліктердің сатылымы бір жылда 12,5% өсті, бірақ қазір максималды геосаяси шиеленіс болып жатқан Шығыс Еуропада бұл көрсеткіш 2021 жылдың қазан айымен салыстырғанда 17,9% азайды.
Ал көршілес Ресейде сатылым 63,1%, ал РФ-дан жеткізілімге қатты тәуелді Беларусьте бірден 86% қысқарды.
Қазақстанда оң үрдіс өзгерген жоқ: 2022 жылдың қазан айында дилерлер 10,7 мың жаңа көлік сатқан, бұл өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда 4,9% артық.
Брендтер мен маркалар бойынша қазан айында Қазақстан нарығында сатылған жаңа жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық көліктердің үздік 10 моделі сатылымның 58%-ға жуығын құрады. Үздік ондыққа үш Hyundai моделі (Tucson, Accent және Elantra), үш Kia моделі (Ceed, Sportage және K5), екі Chevrolet моделі (Cobalt және Nexia), сондай-ақ Toyota LC Prado және Chery Tiggo 7 PRO кіреді.