2022 жылғы қарашада көтерме сауда көлемі рекордтық 3,7 трлн теңгені құрады – 2021 жылғы қарашамен салыстырғанда құндық мәнде 24,9% артық (ФКИ – 111,8%), деп хабарлайды ranking.kz.
Еске сала кетейік: көтерме сауданың ең жоғары қарқыны дәстүрлі түрде желтоқсан айына келеді. Айталық, бұған дейін көтерме сауданың айлық көлемінің ең жоғары көрсеткіштері 2019 және 2021 жылғы желтоқсанда тіркелген: тиісінше 3,7 трлн және 3,5 трлн теңге. Ал 2022 жылдың қараша айының жоғары көрсеткіштерін ескерсек, желтоқсан жаңа рекорд орнауы мүмкін.
Жалпы, 2022 жылғы қаңтар-қарашада көтерме сауда көлемі 30,6 трлн теңгеге жетті, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құндық мәнде 20,8% артық (ФКИ – 106%) . Көтерме сауданың үлесі 2022 жылғы қаңтар-қарашада ішкі сауданың жалпы көлемінің 69,1%-ын құрады, бір жыл бұрын 68,5% болған.
Көтерме сауда құрылымында дәстүрлі түрде азық-түлік емес тауарлар мен өнеркәсіптік-техникалық тауарлар басым болды: 2022 жылдың 11 айында 24,4 трлн теңге – 2021 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда ақшалай түрде 16,6% көп (ФКИ – 103,9%). Бұл ретте азық-түлік тауарларының сауда көлемінің жылдық өсімі құндық мәнде бірден 40,7%-ды құрап, 6,2 трлн теңгеге дейін жетті (ФКИ – 120,1%).
2022 жылғы қаңтар-қарашада көтерме сауданың жалпы көлеміндегі жеке және шетелдік компаниялардың үлесі 99,7%-ды немесе 30,5 трлн теңгені құрады. Оның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің сауда көлемі 19,7 трлн теңгені, шетелдік кәсіпорындар 10,8 трлн теңгені құрады.
Мемлекеттік кәсіпорындардың үлесіне көтерме сауданың жалпы көлемінің 91 млрд теңгесі ғана тиесілі.