2022 жылдың қорытындысы бойынша газ өндіру көлемі 51,7 млрд.текше метр немесе 2021 жылға қарағанда 96,1% деңгейінде күтілуде. 2023 жылға арналған газ өндіру жоспары 53,5 млрд. текше метрді құрайды.
Жыл қорытындысы бойынша тауарлық газ өндірісі 27,6 млрд. текше метр немесе өткен жылға қарағанда 93,9%-ды құрайды. 2023 жылға арналған тауарлық газ өндіру жоспары – 28,2 млрд. текше метр.
2022 жылдың қорытындысы бойынша сұйытылған мұнай газын өндіру 2,82 млн.тонна деңгейінде күтілуде, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 89,2% - ды құрайды. 2022 жылға арналған жоспар – 2,86 млн. тонна.
Мұнай-газ-химия бөлігінде бүгінде майлау материалдары, полипропилен, метил-трет-бутил эфирі, бензол және параксилол өндірілуде.
2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ-химия өнімдерін өндірудің күтілетін көлемі 256 мың тоннаны құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 34,7%-ға артық. 2023 жылы 515 мың тонна мұнай-газ-химия өнімін өндіру жоспарлануда. Бұл туралы бүгін, 30 желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.
2022 жылы 96,1 млрд. теңгеге 142 газ жобасы іске асырылды, бұл 284,8 мың адамды немесе 107 ауылдық елді мекенді табиғи газға қолжетімділікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 2023 жылы 86 жобаны іске асыру жоспарланған, бұл 166,6 мың адамды немесе 56 ауылдық елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2022 жылы газ тасымалдау жүйесінің одан әрі дамуын айқындайтын Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015 – 2030 жылдарға арналған Бас схемасы өзектілендірілді. Жер қойнауын пайдаланушыларды газ өндіру мен өңдеу көлемін ұлғайтуға ынталандыруға газ сатып алудың жаңа формуласы әзірленді.
Әлемдік өндірушілердің ТОП-10 құрамына кіретін полипропилен өндіретін ірі мұнай-химия зауыты іске қосылды.
2023 жылға жалпы инвестиция сомасы 1 млрд. доллар болатын бутадиен және метанол өндіретін зауыттардың құрылысын бастау жоспарланған.
Алдағы жылы «Сұйытылған мұнай газының айналымын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша» заң қабылданады, ол сұйытылған газ айналымының ашықтығын және әділ баға белгілеуді қамтамасыз етеді.