30 желтоқсанда ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сөйлеген сөзінде 2022 жылғы энергетика саласының негізгі көрсеткіштері және 2023 жылға арналған міндеттер туралы айтты.

2022 жылдың қорытындысы бойынша 112,7 млрд.кВтсағат көлемінде немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98,5% көлемінде электр энергиясын өндіру күтілуде. 2023 жылғы электр энергиясын өндіру жоспары 114,9 млрд. кВтсағатты құрайды.

Жаңартылатын энергия көздері бойынша өндіріс 4,5 млрд. кВтсағатты құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 6,6% - ға артық. 2023 жылы жоспар 5 млрд. кВтсағат.

2022 жылы 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерім әзірленіп, бекітілді, оның шеңберінде электр энергиясын өндіру және тұтыну жөніндегі болжамдарды есептей отырып, энергетикалық кешенді дамыту қарастырылды.

Ағымдағы жылы жалпы қуаты 385 МВт болатын 12 жаңартылатын энергия көздері жобасы іске асырылды. 2023 жылы қуаты 257 МВт болатын тағы 15 жаңа жаңартылатын энергия көздері жобасын іске қосу жоспарлануда.

Қуаты 1 200 МВт маневрлік генерация жобалары және қуаты 440 МВт жаңартылатын энергия көздері жобалары бойынша аукциондық сауда-саттық сәтті өткізілді.

Ұлттық электр желісін жаңғырту, оның ішінде Батыс Қазақстанның электр желілерін Біртұтас электр энергетикалық жүйеге қосу, сондай-ақ Батыс және Оңтүстік энергия аймағының электр желілерін күшейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Батыс энергетикалық аймағын күшейту 2023 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

«Жылу энергетикасы туралы» Заңның қабылдануы күтілуде, ол өңірлерді жылумен жабдықтау проблемаларын шешуге, ұзақ мерзімді жоспарларды айқындауға және орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара қарым-қатынастарды жүйелеуге назар аударуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Заң электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сатуды, сондай-ақ нақты уақыт режимінде теңгерімдеуші нарықты енгізуді көздейтін нарықтың жаңа нысаналы моделіне көшуді көздейді. Бұл шаралар энергия жүйесіндегі теңгерімсіздіктерді азайтуға және жаңа энергия көздерінен жоғары тарифтердің әсерін теңестіруге мүмкіндік береді.

Жөндеу компаниялары мен инвестициялық бағдарламаларды қатаң бақылауды қамтамасыз ету бөлігінде Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің рөлі күшейтілетін болады.

Әзірленіп жатқан «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және кеңейтуге мүмкіндік береді. Бағалаулар бойынша салаға инвестициялар көлемі жыл сайын 400 млрд. теңгені құрайды.

Энергетикалық ведомство басшысы атап өткендей, 2023 жылдың 1 тоқсанында елдің барлық жылу электр орталықтарына және электр желілеріне аудит аяқталады, бұл проблемаларды және олардың ағымдағы техникалық жай-күйін анықтауға мүмкіндік береді.

2023 жылы Электр энергетикасы саласын дамытудың 2032 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданады, сондай-ақ тәуекелдерді басқаруға және станциялардың техникалық жай-күйін бақылауға мүмкіндік беретін энергетиканың цифрлық платформасы пайдалануға беріледі.