ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін ұсынды.
Е. Жамаубаев өз сөзінде жалпы ішкі өнім өсімі 3,3% құрағандығын атап өтті.
Түсімдер 102,1% атқарылып, 16,1 трлн теңгені құрады.
Республикалық бюджеттің меншікті кірісі бойынша жоспар 103% орындалды. Салықтар бөлінісінде негізгі өсім қосылған құн салығы бойынша 1,4 трлн теңгені, корпоративтік табыс салығы бойынша 825 млрд теңгені және экспорттық кеден бажы бойынша 598 млрд теңгені құрады.
Шығын 98,6% игерілді және 18,5 трлн. теңге болды. Сонымен қатар, тек әлеуметтік шығындардың өзі 2021 жылмен салыстырғанда 987 млрд теңгеге ұлғайып, 8,5 трлн теңгені құрады.
Жалпы 2022 жылы бюджет шығындары 56 стратегиялық бағыт бойынша бағытталды.
Мәселен, 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 131 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты.
136 мың оқушы орнына арналған 247 жаңа мектеп салынып, 1003 мектеп жаңғыртылды. Мектеп құрылысы есебінен 10,5 мыңға жуық жұмыс орны, оның ішінде 6,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.
35 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынып, ашылды.
Ағымдағы жылдан бастап жаңа форматтағы «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары іске асырылуда.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 17 мыңнан астам техника сатып алды.
Нормативтік жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі республикалық маңызы бар жолдардың 91% және жергілікті маңызы бар жолдардың 85% құрады.