Биыл Қазақстан аумағында шегіртке зиянкестерінің таралуы 1 584,994 мың га, оның ішінде итальяндық шегіртке – 1 302,251 мың га, азиялық шегіртке – 206,793 мың га және Марокко шегірткесінің таралуы – 75,95 мың га деп болжануда.
Шегірткелердің ең көп таралу аймағы Ақтөбе (669,015 мың га) және Қостанай (422,904 мың га) облыстарында болмақ.
Шегіртке зиянкестерімен күресуге республикалық бюджеттен пестицидтерді сатып алуға, оларды сақтау, тасымалдау және пайдалану қызметтеріне 3,8 млрд теңге бөлінді.
Үйірлі шегірткемен күресу үшін биыл 1,4 миллион гектар аумаққа түрлі фитосанитарлық пестицидтер сатып алынды. Пестицидтердің қолда бар қорын есепке алғанда (383,5 мың га) қорғалатын аумақ 1,7 млн га құрайды.Қазіргі уақытта үйір шегірткелерден қорғау шараларын жүргізу үшін өңірлерге қажетті пестицидтердің барлық мөлшері жеткізілді.
Химиялық өңдеу қызметтерін жеткізушілер 212 мамандандырылған бүріккіш құрал-жабдықтармен, оның ішінде 130 жер үсті үрлегіштермен, 35 аэрозольдік газ генераторларымен (GARD), 26 аса жеңіл ұшақпен (ALV) және 21 ұшақпен қорғаныс жұмыстарын жүргізеді. Қажет болса, құрал-жабдықтар саны көбейтіледі. Бақылау және қорғау шаралары жоспарлы түрде жүргізіледі.
Сондай-ақ, шекаралас аймақтардағы шегірткеге қарсы жағдай тұрақты бақылауда. Осылайша, өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге сәйкес Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Қырғыз Республикасының ауыл шаруашылығы министрліктерімен фитосанитарлық жағдай туралы ақпарат алмасу жүзеге асырылады. Шегірткелердің іргелес аумақтарға көшуіне жол бермеу және шекаралас аумақтарда өзара шағымдарды болдырмау мақсатында шекаралық аумақта бірлескен мониторинг жұмыстарының жоспарлары жасалады.