Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Салық кодексін әзірлеу туралы жұмыс былтыр басталған болатын. Жаңа Салық кодексінің басты мақсаты – тепе-теңдік принципінің сақталуы. Яғни, бір жағынан мемлекеттің тиімді қызмет жасауы үшін салық арқылы мемлекет бюджетінің табысын қамтамасыз ету. Жоғары табысты қамтамасыз ету, сондықтан, бұл – бірінші мақсат, дейді Үкімет басшысының орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Екінші мақсат, экономиканың дамуын ынталандыру, инвестициялар тартуды ынталандыру. Осы мәселе төңірегінде Салық кодексі арқылы біз тепе-теңдік принципін сақтап тұруымыз керек.
Енді бір жағынан Үкіметтің табысы болуы керек, екінші жағынан бизнес жұмыс істеуі керек, инвестициялар түсуі керек. Бұл міндетті іске асыру үшін қазіргі таңда Салық кодексі әзірленді. Бұл жұмысқа тек мемлекеттік органдар ғана қатысқан жоқ. Жалпы, бұл жұмыс ашық түрде жүргізілді деп айта аламын. Барлық бизнес-қауымдастық, қоғам сарапшылары ой-пікілерін ашық түрде айтты, осы жиындарға қатысып, барлық мәселе бойынша диалог жүргізілді. Әрине, барлық ой-пікірлерді ескеру мүмкін емес шығар. Өйткені, бизнестің өзінің мақсаты бар, өзінің мүддесі бар, олар оны қорғайды. Сондай-ақ мемлекеттің мүддесі бар, біз де оны қорғауымыз керек. Салық кодексінде қандай бағыттар бар деген сұраққа келетін болсақ, біріншіден, ол – салықтық әкімшілендіруді жетілдіру. Бұл салада біз сервистік модельдеуді қолданатын боламыз. Салық салушылары мен салық органдары арасындағы қарым-қатынасты ашық түрде жүргізу. Оны әріптестік түрінде, бір-бірімізге көмектесу арқылы, дер кезінде есептілікті бермеген кезде жазалау емес, ынталандыру, оларға көмек көрсету принципі қолданылатын болады.
Екіншіден, саланы цифрландыру мәселесі шешілетін болады. Салық кодексіндегі барлық жеңілдіктерді, осы инвестициялық преференцияларды сақтап қалуды ұсынып отырмыз. Оған қоса, инвестициялар тарту бойынша ынталандырудың жаңа шараларын ұсынып жатырмыз.
Жиі талқыланып жүрген тағы бір маңызды мәселе – бұл салық жеңілдіктері. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салық жеңілдіктерін азайту арқылы түсетін салық көздерін кеңейту, салықтан түсетін табысты көбейту. Бұл мәселе бойынша біз 1,3 трлн теңгеге жуық салықтық жеңілдіктерді қысқартуды ұсынып отырмыз. Тағы да бір маңызды мәселе – салық алымдарын азайту. Бұл бойынша да бірқатар ұсыныстарымыз бар.
Мысалы, табиғи ресурстарды пайдалану. Бізде бірнеше салық алымының, салық түсімдерінің түрі бар, соның бәрін оңтайландырып, біріктіріп, бір салық алымын жасау мәселесін ұсындық. Ол да бір жағынан салық салушыларға ыңғайлы, бизнеске төлеу үшін ыңғайлы және оның көлемі де азаяды.
Салық салу, салық ставкасы бойынша біз жоғары табыс алып келетін бірқатар қаржылық операциялар бойынша корпоративтік табыс салығы деңгейін көтеруді ұсынып отырмыз. Бұл жерде ойын бизнесі бар. Әртүрлі букмекерлік ұйымдардың табыстарына салық көлемін арттыру. Екінші жағынан, егер қаржы ұйымдары экономиканың нақты салаларына қаржы жұмсайтын болса, бұл жерде салық мөлшерлемесі көбеймейді, сол күйінде қалады. Ал, егер жоғары қайта бөлу деңгейін ынталандыру үшін өңдеу өнеркәсібінде өңдеудің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге жұмсалатын инвестицияларға салынатын табыс салығының деңгейін біз керісінше 10%-ға дейін түсіруді, азайтуды жоспарлап отырмыз.
Жаңа Салық кодексінің бағыттарының бірі – кіші және орта бизнеске байланысты арнайы салық режимін оңтайландыру. Бұл ретте біз аталған режимдерді оңтайландырып, үш режимге дейін қысқартуды жоспарлап отырмыз.
Тағы бір ұсынып отырған мәселе — зейнетақы аударымдары бойынша жеке табыс салығын алып тастау. Жеке табыс салығының көлемі 10%. Сол 10%-ды біз алып тастаудың есебінен зейнеткердің алатын зейнетақысының мөлшері осы 10%-ға көтерілетін болады.