Самұрық компаниялары Астана биржасында сатылады

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры (Қор) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум аясында тараптардың бірлескен қызметі Қор активтерін бәсекелестік ортаға беру, нақтырақ айтқанда Қор компанияларыныың акцияларын АХҚО биржасы – AIX-те листингтеуге негізделген.

Қор мен АХҚО 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында бірлесе жемісті жұмыс істеп келеді. 2019 жылы AIX алаңында «Қазатомөнеркәсіп» IPO-мен акцияларын сәтті шығарды. Биыл да компанияның SPO-сы (акцияларын екінші рет шығару) болды. Халықаралық инвесторлар активке үлкен қызығушылық танытты. AIX-те орналастырылған «Қазатомөнеркәсіптің» 4,3 млн жаһандық депозитарлық қолхатының (GDR) 2,5 млн-ын шетелдік институционалды инвесторлар сатып алды.

Тараптар сонымен қатар Қордың компаниялар тобының жасасқан келісімдерінде дауларды шешу институты ретінде АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталықты атап көрсету арқылы АХҚО юрисдикциясын белсенді пайдалануға келісті.

Қор мен АХҚО қаржы орталығының Экспат орталығы мен Үздіксіз кәсіби даму бюросын да бірлесе қолдануға ниетті. Сонымен қатар алдағы уақытта Қор компаниялар тобының қызметкерлерін АХҚО Құқық академиясы базасында ағылшынның жалпы құқығы бойынша оқу бағдарламасын дайындау жоспарланбақ.

Меморандумға сай, Тараптар АХҚО реттеу алаңында қаржы технологиясы, Big Data, қаржылық технологиялық инновациясы саласында белсенді әріптестік орнатпақшы.

«Жекешелендіру бағдарламасын аяқтау «Самұрық-Қазына» Қоры үшін басты міндеттердің бірі болып табылады және Қор АХҚО-ның дамуына аса мүдделі. «Қазатомөнеркәсіп» ғаламдық депозитарлық қолхаттарын орналастыру тәжірибесі оның келешекте биржалық алаң ретінде басымдығын көрсетті», деді Самұрық-Қазына ҰӘҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

«Мемлекеттің ары қарай дамуы экономика құрылымын айтарлықтай өзгерту арқылы ғана мүмкін болатынын көріп отырмыз. Сол үшін біздің әріптестігіміз қазір өте маңызды. Тез дамып жатқан цифрландыру біздің платформамыздың мүмкіндіктері мен қызметтерін сұранысқа ие етеді. Бұл краудфандинг, цифрлық платформалар мен цифрлық банкинг арқылы түрлі қолдау алу мүмкіндіктері және дәстүрлі университеттердің онлайн платформаларды толыққанды игеріп жатқан қазіргідей кезеңдегі үздіксіз білім беру үрдістеріне де қатысты. Қордың біздің алаң мен ресурстарымызды пайдалануына біз жан-жақты көмектесуге дайынбыз», деді АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов.

Рұқсатсыз көшіруге тиым салынады!:Naryk.kz | Нарық.кз » Самұрық компаниялары Астана биржасында сатылады

Ұнады (0)