Брокерлер арқылы құнды қағаз сатып алғанда неге мән беру керек?

Азаматтар қор биржасында бағалы қағаздармен мәмілелер жасауды кәсіби инвестициялық делдалдарға – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар брокерлер мен дилерлерге жүгіну арқылы ғана жүзеге асыра алады. Олар клиенттермен жазбаша түрде жасалған шарт негізінде жұмыс істейді. Fingramota.kz брокерлік қызмет көрсету туралы шартқа қол қоймас бұрын неге назар аудару керектігін айтып береді.

Қазақстанда бағалы қағаздарды қайда сатады?

Бағалы қағаздар нарығы басқаша қор нарығы немесе капитал нарығы деп аталады. Ол ұйымдастырылған (биржалық) немесе ұйымдастырылмаған (биржадан тыс) нарық болуы мүмкін. Бұл мақалада біз ұйымдастырылған, яғни құнды қағаздардың биржалық нарығын қарастырамыз. Қор биржасы өз клиенттеріне инвесторлар мен эмитенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында ақпараттың барынша көп саны ашылатын бағалы қағаздар нарығында мәмілелер жасасудың ең ашық, технологиялық және нормативтік регламенттелген тәсілін қамтамасыз ете отырып, бағалы қағаздарды сатуға арналған орталықтандырылған алаң болып табылады. Қазақстанда мұндай сауда алаңы KASE – Қазақстан қор биржасы болып табылады.

Биржада сатылатын ең танымал және кең таралған бағалы қағаздар – бұл акциялар мен облигациялар. Олар бір-бірінен несімен ерекшеленеді?

Акция – бұл бағалы қағаз түрінде ұсынылған компания капиталындағы үлес. Облигация борыштық құрал болып табылады, оның шарттары депозиттер мен кредиттер сияқты қайтарымдылық, ақылылық және мерзімділік қағидаттарына негізделеді. Акциялар мен облигациялардан басқа, қор нарығында форвардтар, фьючерстер, опциондар және басқалар сияқты басқа да қаржы құралдары бар.

Биржа инвестормен тікелей араласпайды. Олардың арасында делдалдар бар – бұл реттеушінің тиісті лицензиясы негізінде брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын және KASE мүшелері болып табылатын ұйымдар. Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызмет «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен, Брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру қағидаларымен және басқа да нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, брокер өзінің клиенті есебінен және мүддесімен уәкілетті органның лицензиясы негізінде және брокер мен клиент арасында брокерлік қызмет көрсету туралы тиісті шарт жасау талаптарымен бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға құқылы.

Егер сіз брокермен шарт жасауға шешім қабылдасаңыз, сізге, бірінші кезекте, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің интернет-ресурсында осы брокердің бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға лицензиясының бар екендігін тексеру қажет. Брокердің атауы және деректемелері интернет-ресурста көрсетілген атаумен және деректемелермен нақты сәйкес келуге тиіс.

Брокерлік шартта нелер маңызды?

Клиенттің брокермен ынтымақтастығы олардың арасында тиісті мерзімге жазбаша нысанда брокерлік қызметтер көрсету туралы шарт (брокерлік шарт) жасасудан басталады.

Брокердің ұсынылатын қызметтер үшін тарифтерін (комиссияларын) қоса алғанда, брокерлік шарттың мазмұны мен талаптарын клиент мұқият зерделеуге тиіс.

Сіз қол қойғалы отырған шарттың әр тармағын мұқият зерделеу сіздің инвестицияңыздың сақталуын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі екендігін есте ұстаған жөн. Атап айтқанда, брокерлік шарттың мазмұнында брокерге клиенттік тапсырыстарды беру тәсілдерін, брокердің клиенттік тапсырыстарды қабылдауын растау тәртібін, брокердің клиентке тапсырыстардың орындалуы туралы есептерді беру тәртібін, сондай-ақ брокерлік қызметтерді көрсету процесінде клиентке тиісті хабарламаларды жіберу тәртібі мен мерзімдерін көрсетудің болуына назар аудару қажет.

Брокерлік шарт тараптардың келісімі бойынша сонымен қатар брокердің электрондық қызметтер көрсету тәртібін де қамтуы мүмкін. Брокер бұл қызметтерді брокердің сауда платформасындағы клиенттің жеке кабинеті арқылы ұсынады. Брокер клиентке шартта және (немесе) брокердің ішкі қағидаларында белгіленген тәртіппен электрондық қызметтерді, жеке кабинетті және сауда платформасын пайдаланудың егжей-тегжейлі нұсқаулықтарын ұсынады.

Брокермен өзара әрекеттесу кезінде қандай жағдайларды ескеру керек?

  • Брокерлік шот
    Бағалы қағаздарды сатып алу мүмкіндігіне ие болу үшін шарт жасалғаннан кейін клиент брокерге белгілі бір соманы беруге тиіс, ол кейіннен биржаның сауда жүйесіне бағалы қағаздарды сатып алуға және сатуға өтінім берген кезде пайдаланылатын «арнайы брокерлік шотқа» аударылады. Брокерлер әр Клиенттің қаражатын есепке алады. Клиенттердің активтері брокердің меншікті активтерінен оқшау сақталады.
    Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес брокерге клиенттің ақшасы мен бағалы қағаздарын клиенттің тиісті жазбаша рұқсатынсыз өз мүдделеріне немесе үшінші тұлғалардың мүдделеріне пайдалануға тыйым салынады. Сонымен қатар, брокерге клиенттің бұйрығынсыз бағалы қағаздармен мәмілені тіркеуге тыйым салынады.
  • Барлық тәуекелді саралап көріңіз 
    Брокерлік шартта клиентке ұсынымдар беру тәртібі, сондай-ақ берілген ұсынымдар үшін брокердің жауапкершілігі болуы мүмкін.

    Брокер клиентке брокерлік қызмет көрсету процесінде ұсынатын қаржы құралдарымен мәмілелер жасау туралы ұсынымдар негізделген, айқын және клиент үшін түсінікті болуы тиіс. Бұл ретте мәміле жасауға клиенттік тапсырыстың өзі брокердің осы клиенттік тапсырысқа сәйкес қаржы құралдарымен мәміле жасау жөніндегі ұсынымның болуы туралы белгісін қамтуы тиіс.

    Егер брокердің ұсынымы бойынша мәмілені орындау мүдделер қақтығысының туындауына әкеп соқтырса, брокер клиентке мәміле жасау нәтижесінде оған келтірілген залалды және брокерлік шартта белгіленген айыпақыны төлеуге тиіс.

    Осылайша, клиент брокерден алған барлық ұсынымдарды клиенттің өзі ойластырылған инвестициялық шешім қабылдау үшін мұқият талдауы керек.

  • Олармен танысып шықпай, қосымша шарттарға қол қоймаңыз
    Брокер Сізге атауы бірдей «серіктес» шетелдік компаниямен шартқа отыруды ұсынады. Мұндай ұсынысты қабылдау өте қауіпті. Егер Сіз шетелдік брокермен келісім жасасаңыз және ол Сіздің құқығыңызды бұзса, Сізге өз мүддеңізді оның тіркелген елінде қорғауға тура келеді. Өкінішке орай, қазақстандық қаржы реттеушісі, құқық қорғау органдары мен сот Сізге көмектесе алмайды.
  • Өз брокеріңізбен немесе дилеріңізбен әрқашан байланыста болыңыз!
    Барлығынан хабардар болу үшін өзіңіздің брокерлік шоттарыңыз бен депо шоттарыңыздың жай-күйі туралы үзінділерді мезгіл-мезгіл сұратып отырыңыз. Өз инвестицияларыңызды қадағалаңыз, брокерлік қызмет көрсету туралы шарт жасасқан ұйымның сайтын, сондай-ақ инвестиция тақырыбы бойынша маңызды жаңалықтарды жіберіп алмау үшін қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтын және www.fingramota.kz оқыту интернет-порталын тұрақты түрде қарап отырыңыз. Пайдаланушылары маңызды қаржылық ақпаратты алғашқылардың бірі болып алатын «Fingramota Online» қосымшасын өзіңіздің мобильдік құрылғыңызға жүктеп алуды ұсынамыз.

Табыстылыққа кепілдік беретін делдалдарға сенбеңіз! 

Қор нарығындағы инвестициялар әртүрлі, оның ішінде нарықтық, кредиттік, валюталық тәуекелдермен байланысты екендігін есте ұстау керек. Сондықтан брокер клиентке инвестициялар бойынша инвестициялық табысқа ие болуды немесе залалдардың болмауына кепілдік беруге құқылы емес. Егер олар осылай жасайтын болса, демек сіз алаяқтарға жолықтыңыз. Олардың ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен алған лицензиясын www.gov.kz сайты арқылы тексеру қажет.

Қаржы реттеушісінің интернет-ресурсында да азаматтар Агенттікке шағым түсірген лицензиясы жоқ «инвестициялық делдалдар» тізімі орналастырылған.

Рұқсатсыз көшіруге тиым салынады!:Naryk.kz | Нарық.кз » Брокерлер арқылы құнды қағаз сатып алғанда неге мән беру керек?

Ұнады (0)