Ұлттық банк Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов 2021 жылдың ІI тоқсанында экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарда жүргізілген сауалнама нәтижесі туралы мәлімдеме жасады. 

Кәсіпорындар арасында Ұлттық Банк жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, 2021 жылдың ІI тоқсанында тау-кен өнеркәсібінен және көлік пен қоймада сақтау саласынан бөлек барлық салада дайын өнімге деген сұраныстың біршама нашарлағанын аңғаруға болады.

Сұраныстың өсу қарқынының баяулауы өңдеу өнеркәсібінде, саудада, құрылыста байқалды. Ауыл шаруашылығы бойынша сұраныс көрсеткіші теріс аймаққа ауысты. 2021 жылдың 3-тоқсанында сұраныс өссе, ол тек ауыл шаруашылығында өседі деген болжам бар, ал басқа салаларда өсу баяулап, тіпті төмендеп кетуі де мүмкін.

2021 жылдың 2-тоқсанында шикізат, материалдар мен дайын өнім бағасының өсу қарқыны жеделдей түскені барлық салада байқалды. 2021 жылдың 3-тоқсанында бағаның өсу қарқыны баяулайды деп күтілуде.

Сөз болып отырған салаларда өндіріс көлемі ұлғайып, диффузиялық индекс өсу саласына өтті. Өңдеу өнеркәсібінде ең жоғары өсім бар. 2021 жылдың 3-тоқсанында бұл салада да өсу қарқыны бәсеңдейді деп күтілуде.

Аталған салаларда бәсекелестіктің маңыздылығы жоғары деңгейде, яғни, бұрынғысынша сақталып отыр. Сауда кәсіпорындары нарықтық бәсекелестіктің ықпалынан шыға алар емес, мұнда кәсіпорындардың 40,1%-ы өз бизнесіне қатысты бәсекелестіктің әсерін сезді. Өңдеу өнеркәсібінде мұндай кәсіпорындардың үлесі 31,6%-ға, көлік саласында 25,6%-ға, құрылыс саласында 24,9%-ға жетеді. Ауыл шаруашылығы мен тау-кен өнеркәсібінде ең аз үлес (тиісінше 18,2% және 16,1%) байқалды.

Кәсіпорындардың едәуір бөлігі (34,1%) үшін олардың іскерлік белсенділігін тежейтін басты кедергі Қазақстан экономикасының жай-күйіне қанағаттанбау болып табылады. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі мен сауда саласы өнімге деген сұранысқа байланысты елеулі проблемаларды (тиісінше 30,9% және 27,6%) бастан кешіп отыр, ауыл шаруашылығы мен өңдеуші кәсіпорындар білікті кадрлардың тапшы екенін (тиісінше 26,8% және 25,2%) алға тартты.

Келесі 12 айда барлық сала бойынша қаржыландыру көлемі бұрынғы қалпында сақталады. Бұл ретте өңдеу және тау-кен өндіру өнеркәсібі барынша молырақ қаржыландырылып, керісінше, құрылыс пен саудада аз қаржы бөлінеді деген жоспар бар.

Сауалнамаға барлығы 2,6 мыңнан астам өндіруші мен өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қойма ұстаушы кәсіпорындар қатысты.