Су жоқ. Қазақстан күріш пен мақта егуді азайтады

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министр Р.Манатаев Министрліктің жоспарлары мен суармалы егіншілікті дамыту үшін қабылданған шаралар мен шаруашылық қызметте су ресурстарын үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлерді ынталандыру және мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты.

Ол Қазақстанда суармалы жерлерді пайдалану көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Алдын ала деректер бойынша, биыл 1,5 млн гектар суармалы жерді пайдалану жоспарланып отыр. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 66 мыңға гектарға артық. Суармалы жерлерді өңдеу үлесі көп Түркістан облысында биыл мұндай жерлерді 633 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Бұл міндеттер бұзылған гидромелиорациялық жүйелерді қалпына келтіру және жаңадан салу, суару жүйелерінің пайдалы коэффициентін арттыру, орташа суару нормасын төмендету, су үнемдеу және басқа да ресурстарды үнемдеу технологияларын барынша қолдану, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдары егу құрылымын өзгерткенде ғана шешіледі.

Президенттің 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 млн гектарға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, министрлік суды көп қажет ететін және монодақылдардың үлесін азайту, сондай-ақ тиімділігі жоғары дақылдардың (көкөніс-бақша, жем-шөп, майлы дақылдар) алқаптарын ұлғайту арқылы егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын жүргізуде.

«Биыл Түркістан облысында жоспарланған мақта алқабы 116 мың гектар, күріш 97,6 мың гектар. Бұл 2020 жылғы деңгейден 10 және 6,4 мың гектарға аз. Қызылорда облысы бойынша мақта алқаптарын 90 мың гектарға дейін, күріш алқаптарын 75 мың гектарға дейін азайту жоспарлануда», – деді спикер.

Су үнемдеу технологияларын енгізуге қатысты вице-министр суармалы жерлердің жалпы үлесінің тек 14%-на (шамамен 200 мың га) заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару пайдаланылатынын атап өтті. Қалған 1,3 миллион гектар алқапқа жер үстімен суару әдісі қолданылады.

Ылғал үнемдеу технологияларын қолдануда Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының фермерлері үлкен жетістікке жетті.

Сондай-ақ Руслан Манатаев 2022-2026 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша әзірленіп жатқан Ұлттық жоба аясында су үнемдеу технологиялары қолданылатын ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданын 420 мың гектарға дейін жеткізу көрсеткіші қарастырылғанын хабарлады.

Рұқсатсыз көшіруге тиым салынады!:Naryk.kz | Нарық.кз » Су жоқ. Қазақстан күріш пен мақта егуді азайтады

Ұнады (0)