Қазақстанда жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа кешіккені немесе міндеттерін орындау кезінде қателік жібергені үшін ақшалай айыппұлға тарта алмайды. Еңбек заңнамасында мұндай жаза түрі қарастырылмаған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ескертті.
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші қызметкерлерден еңбек тәртібін, ішкі еңбек тәртібі қағидаларын сақтауды және лауазымдық міндеттерін тиісінше орындауды талап етуге құқылы. Алайда тәртіп бұзғаны үшін ақшалай айыппұл белгілеуге құқығы жоқ.
Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес, жұмыс беруші мынадай тәртіптік жаза қолдана алады:
ескерту;
сөгіс;
қатаң сөгіс;
Еңбек кодексінде көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу.
Заңда көрсетілмеген басқа тәртіптік жаза түрлерін қолдануға жол берілмейді.
Мысалы, қызметкер жұмысқа 20 минут кешіксе, жұмыс беруші оған өз бетінше 10 мың теңге айыппұл салып, бұл соманы жалақысынан ұстап қала алмайды. Мұндай жағдайда заңда белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолдана алады.
Сонымен қатар жұмыс беруші тәртіптік жаза қолданар алдында қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етуге міндетті. Жаза түрін таңдаған кезде құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығы, сондай-ақ оны жасауға себеп болған мән-жайлар ескерілуі керек.
Жалақыдан ақша ұстауға бола ма?
Еңбек кодексінің 115-бабында қызметкердің жалақысынан ұстап қалуға болатын жағдайлар нақты көрсетілген. Заңда көзделген кейбір өзге жағдайларда мұндай ұсталым қызметкердің жазбаша келісімімен жүргізілуі мүмкін.
Осылайша, еңбек тәртібін бұзғаны үшін ақшалай айыппұл салу мен заңды негізде жалақыдан ұстап қалу – екі бөлек ұғым. Жұмыс беруші заңда белгіленген тәртіптік жазаларды ақшалай айыппұлмен алмастыра алмайды.
Министрлік еңбек заңнамасын сақтау жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін де міндетті екенін еске салды.