Қазақстанда жеке тұлғалардың банктік шоттарына түсетін қаражаттың кәсіпкерлік кіріс белгілеріне сәйкестігін анықтау шегі 360 айлық есептік көрсеткішке (1 557 000 теңге) дейін ұлғайтылды. Бұған дейін бұл көрсеткіш 12 ең төменгі жалақы (1 020 000) деңгейінде болған.
Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың шоттарына түсетін ақша аударымдарын кәсіпкерлік кіріс белгілері бар операцияларға жатқызу критерийлеріне өзгерістер енгізді.
Жаңа талап бойынша, жеке тұлға қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша алуы керек. Сонымен бірге осы үш айдағы түсімдердің жалпы сомасы 360 АЕК-тен асуы тиіс.
Яғни кәсіпкерлік кіріс белгілерін анықтау үшін екі шарт қатар орындалуы қажет: ақша жіберушілер саны 100 адамнан кем болмауы және жалпы түсім белгіленген шектен асуы керек.
Банктердің ақпарат беру тәртібі өзгерді
Бұдан бөлек, министрлік банктердің жеке тұлғалардың шоттары, олардағы қалдықтар мен ақша қозғалысы, сондай-ақ берілген кредиттер туралы мәліметтерді ұсыну нысандарын жаңартты.
Ақпаратты Smart Data Finance (SDF) жүйесі арқылы беру тәртібі де нақтыланды. Техникалық ақаулар туындаған жағдайда банктер мәліметтерді ілеспе хатпен бірге CD-дискіде ұсына алады.
Мұндай жағдайда ақпарат тапсыру мерзімі бес жұмыс күніне ұзартылады. Техникалық ақаудың болғаны сол күні Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз хабарламасы арқылы расталуы тиіс.
Тиісті өзгерістер Қаржы министрінің 2026 жылғы 23 қазандағы №718 бұйрығымен енгізілді. Құжат 2026 жылғы 10 қарашадан бастап күшіне енеді.